Шымкенттік келіншек пайдақорлық мақсатта Түркия азаматына қатысты тонау ұйымдастырған

Ол сыбайластарының көмегімен 30 жастағы шетел азаматынан 5 мың АҚШ доллары мен 5,5 млн. теңге болатын алтын бұйымдарын тып-типыл еткен.
Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.
Ресми өкілдің айтуынша, 34 жастағы күдікті әйел тоналған жәбірленушінің танысы болып шықты. Ол пайдақорлық мақсатта өзінің 34 және 39 жастағы екі танысына Түркия азаматын тонау туралы ұсыныс жасаған.
Алдын ала мәліметтер бойынша, келіншек жәбірленушіні сауда жасамақшы болып орталық базарға алып шыққан. Содан соң олардың жолдарына жоғарыда аталған екі азамат қарсы шығып, Түркия азаматына күш көрсетеміз деп қорқытқан, жәбірленшінің 5 мың АҚШ доллар ақшасын және жалпы құны 5,5 млн. теңгеден асатын алтын бұйымдары мен жеке заттарын тартып алған.
«Қазіргі уақытта ұсталған адамдар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмысқа қатысы бар тағы бір адам іздестірілуде. Тергеу амалдары жүргізілуде», - деді Н. Ораз.