Шымкенттік құтқарушылар «Алматы – Шымкент» жолындағы жолаушыларға көмектесті

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Күн райының бұзылуына байланысты кешегі демалыс күндері «Алматы – Шымкент» жолының 593-632 шақырымы аралығы жабылған болатын. Боран салдарынан көру қиындап, жолаушыларды құтқару шаралары жүргізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкенттік құтқарушылар «Алматы – Шымкент» жолындағы жолаушыларға көмектесті

Осы жағдайға байланысты Түлкібас ауданына қарасты Шақпақ баба ауылына Шымкент қалалық Төтенше жағдай департаментініңң қызметкерлері көмекке барды. Департаментке қарасты Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары мекемесінен 9 қызметкер мен 3 техника жолға шығып, Шақпақ баба асуында құтқару жұмыстарын жүргізді.

Атап айтқанда, 12 техника қар үйінділерінен тазартылған жерге шығарылып, 16 адам қауіпсіз жерге жеткізілген. Тағы 66 адам вахта машинасында жылынып алды. Сондай-ақ, 22-23 желтоқсан күндері Бәйдібек ауданы бағыты бойынша көліктің барлық түрлері үшін қозғалыс шектелген болатын.

Мұнда да қызметте болған құтқарушылар Алмалы ауыл округінің Бәйдібек елдімекенінен 44 жастағы әйел мен 1 жасар сәбиді 35 км қашықтықтағы жылыту пунктіне дейін жеткізіп, сол жерде жедел медициналық жәрдем қызметкерлері күтіп алды.

Қазіргі уақытта науқастар Шаян елдімекеніндегі ауруханаға жеткізілген және дәрігерлердің бақылауында.