Шымкенттік полицейлер рейд жүргізді
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкентте Жергілікті полиция қызметінің тәртіп сақшылары мен қоғамдық белсенділері қала көшелерінде профилактикалық рейд жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Топ мүшелері көшелердің аулаларын аралап, есірткі заттарын тарату сайттарын жарнамалайтын граффити-жазуларды өшірді.
Рейд барысында полиция қызметкерлері азаматтарға тыйым салынған заттарының қолдану қаупі туралы еске салды. Адамның есірткі құралдарын қолдануының негізгі белгілері мен есірткіге тәуелділіктің жылдам дамуы туралы түсіндіріп өтті. Егер осындай жағдай туындаған болса, шұғыл шаралар қабылдау қажеттілігін ескертті. Тәртіп сақшылары сондай-ақ, есірткі заттарын сақтау мен тұтыну және тарату үшін заңмен қарастырылған жауапкершілік бар екенін тарқатып айтты.
Іс-шараға қатысушылар азаматтарға ішкі істер органдарына есірткі сату фактілері туралы хабарлауға шақыратын жадынамалар таратты.
Айта кетейік, соңғы кезде қала аумағындағы бірқатар жерлерде есірткі заттарын тарату сайттарын жарнамалайтын граффити-жазулар пайда болған еді. Бұл жағдай өз кезегінде қала тұрғындарын алаңдатқаны белгілі. Өз балаларының өміріне қауіптенген халық полицияға шағымданып, көмек сұраған.