Шымкенттік полицейлер жаппай екпе қабылдауда

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттік полицейлер жаппай коронавирусқа қарсы екпе қабылдауда. Мегаполисте аталған вакцинаны 2600 қызметкерге салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкенттік полицейлер жаппай екпе қабылдауда

Қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, екпе қабылдайтын тәртіп сақшылары алдымен дәрігердің қабылдауынан өтуде. Медициналық тексеруден өткендердің дене қызуы мен қан қысымы тексеріледі. Осы мақсатта 20 алғашқы медициналық-санитарлық көмек мекемелерінде арнайы кабинеттер дайындалған. Егу науқанын сапалы өткізу үшін мыңнан аса медицина қызметкері арнайы дайындық курсынан өткен. Бастысы, вакциналау ерікті негізде жүргізілуде. Вакцинаны алғашқылардың бірі болып қабылдаған учаскелік полиция инспекторы Ербол Юсупов екпенің қауіпті індеттің алдын алуға мүмкіндік беретінін айтады.

«Мен учаскелік полиция инспекторымын. Жұмысым өз аумағымдағы азаматтармен тікелей байланысты болғандықтан, өзіме және басқа азаматтардың жеке басына қауіп төндірмеу қажет деп санаймын. Сондықтан екпені салдырттым. Қазір денсаулығым қалыпты. Ешқандай кері әсері болмады», - дейді Ербол Юсупов.

Айта кетейік, елімізде пандемия басталған сәттен бастап полицейлер мен медицина қызметкерлері коронавирусқа қарсы күресте алдыңғы шепте қызмет атқарды. Олар қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында қызметін жалғастыра бермек.