Шымкенттік тәртіп сақшылары жарақаттанса да өз еріктерімен қайта жұмысқа шығып жатыр
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат- Шымкенттік тәртіп сақшылары жарақаттанса да өз еріктерімен жұмысқа шығып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жаппай тәртіпсіздік кезінде қызмет атқарып жүрген 45 полиция қызметкері әртүрлі дене жарақаттарын алған. Оның ішінде 2 қызметкер аурухананың жансақтау бөлімінде болып, қазіргі уақытта арнайы бақылаудағы палатаға ауыстырылды. Алынған түрлі жарақаттарына қарамастан, бұл қызметкерлердің барлығы өз еріктерімен тұрғындардың тыныштығы үшін әріптестерінің қатарынан табылатынын жеткізіп, қызметтеріне қайта оралып жатыр. Атап айтқанда, дәрігердің бақылауында болуы тиіс тәртіп сақшылары, аяқ-қолдарының ауыр жарақат алғанына қарамай, жаппай тәртіпсіздік орын алған қала әкімдігі ғимаратының алдына азаматтардың қауіпсіздігін күзету үшін қайта шығып, жұмыс істеуде. Солардың бірі – Патрульдік полиция полкінің взвод командирі Бауыржан Қасымов. Полиция аға лейтенантының оң қолына тас тиіп, сынған. Дәрігерлер оған еңбекке жарамсыздық парақшасын ашса да, әріптестерінің жанынан табылып, жұмысын атқаруда. «6-қаңтар күні бұзақылардың бірі маған қарай үлкен тас лақтырды. Қорғану мақсатында бетімді қолыммен жапқан кезде, тас қолыма тиіп, алақаным сынған. Жедел жәрдеммен емханаға жеткізіп, онда қолыма гипс салды. Мен бірден қызметіме қайта оралдым. Бұл іс-әрекетімді ерлік деп санамаймын. Кез келген полицейдің міндеті деп білемін. Қазақстан Республикасына қызмет етемін!» - дейді ол. Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы жағдай қалыпты. Құқыққорғау органдарының қызметкерлерімен қала аумағы толығымен бақылауға алынып, заң бұзушылықтарды болдырмау мақсатында іс-шаралар жүргізуде.