Шымкенттік жігіт қалыңдығына ерекше сый жасады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттік жігіт кезекті сән үлгісін көрсету кезінде сүйіктісіне сөз салды. Күтпеген жерден сезімін жеткізген Бауыржан Сыздықов ұнатқан қызына түрлі тосын сыйлар жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкенттік жігіт қалыңдығына ерекше сый жасады

Сән үлгілерін көрсету кезінде ұйымдастырушылық қызмет атқарып жүрген аруға сәнқой қыздар бір-бірден қызғалдақ сыйлады. Мұндай болады деп күтпеген сүйіктісі тосырқап қалды. Көрермендер болса бұл сценарийдің бір бөлігі деп түсінді. Алайда артынша Шымкенттік жігіт шығып, сүйіктісіне сөз салды. Қолындағы гүлі мен неке жүзігін ұсынды.  Бұл Бауыржан Сыздықовтың идеясы еді. Көпшіліктің алдында сезімін білдірген ол жақсы көретін қызына жүректен шыққан сөздерін айтты.

«Сүйіктім, маған сенсіз өмір жоқ. Екеуміздің арамыздағы сезім мені тек алға жетелейді. Мен өзіңдей жанды  кездестіргенім үшін  Жаратқанға шексіз ризашылығымды білдіремін. Алдағы өмірімізде сен менің сүйікті жарым болып, қалған ғұмырымыздың бақытын бірге сезінгенімізді қалаймын», - деді  Бауыржан Сыздықов.

Жігітінің бұл ұсынысын бойжеткен сөзге келмей қабылдады. Мұндайды күтпеген көрермендер болса бұл оқиғаны ұялы телефондарына түсіріп жатты. Кейіннен белгілі болғандай, ғашықтар өткен жылдың жазынан бері таныс екен. Содан бері жас жігіт болашақ жарын қалай таңқалдыратынын білмей келіпті.

«Менің қиялым шексіз. Сүйіктіме гүлді 8 наурызда сыйласам деп едім, кейін ол күнді күтпей-ақ бере берейін деп шештім»,- дейді жігіт.