Шымкенттің бірнеше мөлтекауданында жарық сөніп қалды
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкенттің №110/10 «Самал» қосалқы стансасында электрқондырғылар және кабельдердің қысқа тұйықталуы салдарынан қаланың бірнеше мөлтекауданында жарық өшіп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қалалық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, кабельдердің қысқа тұйықталуы таңғы сағат 09:02-де контейнер типті нысанның ішінде болған. Оқиға орнына өрт сөндіру бөлімінің 27 жеке құрамы 5 техникамен жұмылдырылған.
Оқиға салдарынан қаланың «Нұртас», «Нұрсәт», «Шымсити», «Ньюсити ӘІО», «Солтүстік-Батыс», «Самал-3», «Асар» шағынаудандары, Көкжайлау ТК, Төлеметов көшесіндегі көпқабатты үйлері жарықсыз қалды. Авариялық-қалпына келтіру жұмыстары шұғыл ұйымдастырылып, «Нұртас», «Шымсити», «Нұрсат», Әкімшілік іскерлік орталығы, «Солтүстік-батыс, Ақжайық шағынаудандарына электрқуаты өзге қосалқы стансадан қайта берілді. Электрқуаты қазіргі таңда Самал-3, Асар шағынудандарында және Төлеметов көшесіндегі көпқабатты үйлерде жоқ. Абоненттерге электр қуатын қосу жұмыстары шұғыл жүргізіліп жатыр. Жа рықтың берілуіне тікелей жауапты Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы, «Оңтүстік жарық транзит» ЖШС және «Қуат жылу орталығы-3» МКК басшылығы әр екі сағат сайын ақпарат беріп отырады», делінген хабарламада.
Сала мамандары аталған шағынаудандарда жарық беру кезең-кезеңімен жүргізіліп, екі күн ішінде жарықпен толық қамтамасыз етіледі деп отыр. Ал, жарық беру стансасында болған апатты жағдайды қалпына келтіру үшін шамамен 20 күн уақыт кетеді. Электр қуатын іске қосу жұмыстарына осы кезде 45 адам жұмылдырылған.