Шымкенттің мегаполис атануы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады - Түймебаев

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Бүгін Шымкент қаласына мегаполис статусын беру мәселесі қаралған мәслихаттың кезектен тыс сессиясы өтті. Халық қалаулыларынан бөлек сессия жұмысына қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Нұрлан Сауранбаев барша жұртты Шымкент қаласы тұрғындары санының 1 миллионға жетуімен шын жүректен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкенттің мегаполис атануы жаңа мүмкіндіктерге жол ашады - Түймебаев

Республикалық маңызы бар қала  мәртебесі жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтқан өңір басшысы мұндай өзгеріс қаланың дамуына  оң әсерін алып келетінін атап өтті.

 «Шымкент қалалық мәслихатының VI шақырылымдағы депутаттары кезектен тыс 29-шы сессиясында ел өмірі үшін маңызды мәселеге дауыс берді. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен бірнеше жыл бұрын Шымқаланы миллион тұрғыны бар орталыққа айналдыру бастамасы көтерілген болатын. Енді міне, сол мақсат жүзеге асып, Шымкент еліміздегі миллиондық халқы бар үш қаланың біріне айналды. Құттықтаймын! Біздің сүйікті қаламыздың орны өңір үшін ғана емес, Қазақстан үшін де айрықша маңызға ие. Ұлы Жібек жолының бойындағы бұл шаһардың тарихы мен тамыры тым тереңде жатыр. Орта Азиядағы сан ғасырлық ғұмыры бар санаулы қалалардың бірі болған Шымкент, енді бірегейіне айналу бағытына түсті. Мұның барлығы бізге зор мақтанышпен қатар, үлкен жауапкершілік жүктейді», - деді аймақ басшысы.

nullЖансейіт Түймебаев сондай-ақ облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтарды «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен және облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттады.
null

Жиын соңында қала әкімі Нұрлан Сауранбаев алда атқарар жоспардың көп екенін, оның  барлығы мәслихат депуттары мен қала тұрғындарының қолдауымен ғана жүзеге асатынын айтып, алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеуге шақырды.