Шымкенттің мұнай өңдеу зауыты мұқтаж жандарға қайырымдылық шарасын өткізді

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 28 жылдығы қарсаңында Шымкенттің мұнай өңдеу зауыты қайырымдылық шарасын өткізді. «Шымкент-қайырымды қала» акициясы аясында зауыт ұжымы қала аумағындағы Жұлдыз, Жалын, Қарабастау елдімекендерінде тұратын аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкенттің мұнай өңдеу зауыты мұқтаж жандарға қайырымдылық шарасын өткізді

Мереке қарсаңында мұқтаж деген 25 жанұяға ең қажетті деген азық-түлік себетіни үлестірді. Өз кезегінде ауыл тұрғындары да өздеріне қолдау білдірген зауыт ұжымына алғыстарын білдірді.

«Халқымыз қашанда қайырымдылық жасауды парыз санап, қиналғанға қол ұшын беруден тартынып қалмаған. Игі іс-шараны ұйымдастырған азаматтарға шынайы алғыстарымызды білдіреміз. Күнделікті тұтынатын ұн, өсімдік майы, күріш, қант қай қайсымызға болса да артықтық етпейтіні белгілі», - дейді Қарабастау ауылының тұрғындары.

Айта кетейік, мұнай өңдеу зауытының ұжымы өндіріс орнына жақын орналасқан Жұлдыз тұрғын алабындағы мектептерге он жылдан бері әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді. Оқу жылының қарсаңында ауылдағы екі мектепке 12 млн теңгенің оқу техникалық құралдарын алып беріп, әлеуметтік аз қамтылған және толық емес отбасыларынан шыққан балаларға мектеп формаларын тарту еткен болатын.