Шымкенттің төрт ауданында аумақтық сайлау комиссиялары құрылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Орталық сайлау комитетінің кеңейтілген отырысында Шымкент қаласында аумақтық сайлау комиссиялары құру Қаулысы қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
2018 жылдың маусым айында Шымкент республикалық маңызы бар қалалар қатарына енген еді.
«2018 жылдың маусым айында Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлыққа қол қойды және Шымкент қаласын республикалық маңызы бар қалалар санатына жатқызу Қаулысын қабылдады. Осыған байланысты Шымкент қаласының төрт ауданында аумақтық сайлау комисиялары құрылуы тиіс», - деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының Сайлау процесін ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Дәурен Ысқақов Орталық сайлау комиссиясының кеңейтілген отырысында.
«Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» конституциялық заңның 10-бабының 3-тармағына сәйкес, аумақтық сайлау комиссияларын Орталық сайлау комиссиясы құрады.
Аумақтық сайлау комиссиялары Шымкенттің Абай, әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандарында ашылады.