Шымкенттің «жұмсақ күшін» үлгі еткен кітап жарық көрді

Туындыда Қазақстан қалалары мен өңірлеріне тән брендерді тиімді басқару мен ілгерілетудің жолдары Шымкент қаласының мысалында берілген.
Кітап авторы – философ, PhD доктарант Абылайхан Қалназаров. Ал толық атауы – «Шымкенттің жұмсақ күші. Шымкент қаласының брендін тиімді басқару мен имидж-идеологиясын ілгерілету бойынша коммуникативтік стратегия (Талдаулар мен ұсыныстар)».
Автордың айтуынша, бұл аналитикалық-ұсынымдық зерттеу еңбек мемлекеттік қызметте жүрген барлық деңгейдегі басшылар мен идеологтарға нұсқаулық-қойын кітапша ретінде әзірленген.
Еңбектің алғашқы таралымы 100 дана болмақ, 5 тарау, 432 беттен тұрады. Теориялық базасы Ұлыбритания үкіметінің кеңесшісі, Еуропа парламентінің депутаты, ағылшын ғалымы Саймон Анхольт концепциясына негізделген.
«Бұл өзі ел идеологтары әлі ойға да алып үлгермеген тың да актуалды жоба. Еңбек үш қабатты қамтыған. Біріншісі – брендтік-имидждік, екіншісі – идеологиялық және үшіншісі – ұлттық құндылықтар өрісі. Тап мұндай басқарушылыққа арналған жұмыстар бір оңтүстік өңірі емес, еліміздің әр аймағына лайықталып істелуге тиіс. Олардың жалпы жиынынан елдік ауқымдағы ортақ идеология сомдалып шығады. Абылайхан бауырымыз енді Республика масштабындағы саяси-экономикалық туындысын дүниеге алып келсе, нұр үстіне нұр» деді «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев кітаптың тұсауып кесіп тұрып.
Автордың өзі кітап былтыр басылып қойғанын айтады.
«Кітап былтырғы ақпанда дайын болған еді. Алайда белгілі бір себептермен араға 1 жыл салып, енді ғана таныстырудың реті келіп отыр. Оның сүйегі «үшінші мегаполис» атанған Шымкент қаласының брендін тиімді басқару мен имидж-идеологиясын ілгерілету бойынша коммуникативтік стратегия ретінде тікелей түзілген. Десе де қазақ реалийлерінің жалпыелдік ауқымда ұқсастығына орай Астана, Алматы мен Түркістан ахуалдарын салыстыру арқылы барлық аймаққа тән ішкі проблемаларды көтеріп, тиімді шешімдер ұсынылды», - дейді Абылай Қалназаров.
Бұған дейін автордың «Балуан тас» атты екі томдық кітабы жарық көрген болатын.