Шын ғалымның бақыты көзі тірісінде емес дүниеден озған соң ашылады - Х. Әбжанов
АЛМАТЫ. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат - Манаш Қозыбаев - ғалымдарға бағдаршам болатын ұлы тұлға. Бұл туралы бүгін Алматыда Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты 2013 жылы жарыққа шығарған бірнеше кітаптың тұсаукесерінде айтылды.
«Меніңше, шын ғалымның бақыты көзі тірісінде емес, дүниеден озған соң ашылады. Манаш Қозыбаевтың 7 томдығының шығуы, есімінің университетке берілуі, Алматыда ойып тұрып үлкен көшенің оның атымен аталуы ғалымның ғылымдағы еңбегінің өтелуі. Өйткені көзі тірісінде елдің бәрі сыйлы, бәрі жақсы. Ал өмірден өткеннен кейін осындай құрметке ие болып, танымалдыққа көтерілу бұл енді құбылыстың құбылысы деуге болады», - дейді Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті, тарих ғылымдарының докторы Хангелді Әбжанов. Оның айтуынша, Манаш Қабашұлының екінші құбылысы 2 мәрте мемлекеттік сыйлықтың иегері атануы. Біріншісі мемлекеттік сыйлық болса, екіншісі - биылдан бастап мемлекеттік мәртебемен берілетін Президенттік бейбітшілік және келісім сыйлығы. Ол тәуелсіздіктің 10 жылының ішінде адал еңбегімен, жанкештілігімен осындай биікке көтеріліп, бәрімізге үлгі-өнеге болып, бағдаршамдай тұлғаға айналды.