Шын суреткерлер ешқашан жалған сөйлеген жоқ - Дулат Исабеков
АЛМАТЫ. 23 ақпан. ҚазАқпарат - 2030 жылды драматургсыз қарсы алуымыз мүмкін. Оны «Мәдениет» журналының бас редакторы, жазушы-драматург Дулат Исабеков бүгін Алматыда «Өркениет» халықтық
университеті қоғамдық ұйымының Жас драматургтер мен сыншылар клубының алғашқы мәжілісінде айтты.
«Бүгінгі драматургиядағы қиыншылық нені жазу мен типтік бейнені табу болып отыр. Біз драматургияға келгенде нені жазатынымызды біліп келдік. Ол кезде драматургияда ынталылық болды. Мені драматург жасаған Оралхан Бөкеев. Мен жалғыз жазам ба, сен де кіріс деді», - дегенді айтты Д. Исабеков. ҚР Мемлекеттік сыйлығы иегерінің айтуынша, қазір драматургияға қойылатын талғам төмендеп кетті. Соның нәтижесінде оның мәні кете бастады. Бүгінгі кезде кез-келген шығарма сахналануда. Оңтүстік өңірде театрлар жергілікті автор, жергілікті тақырып деген талап қоятын болды.
«Қазір кітап шығару мен пьесса қою да соншалықты оңай болып кетті. Театрлар жақсы, бірақ тегін жаз деген пікір ұстануда. Ынта-ықылас болмаған соң 40-қа дейінгі жас драматургтер жоқ. Ермек Аманшаев, Дидар Амантаев сияқты тәп-тәуір бастаған жігіттер 1-2 пьессамен шектеліп қалды. Бұл қарқынмен 2030 жылды драматургсыз қарсы алумыз мүмкін», - дейді Д. Исабеков.