Шынайы патриотизм мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден басталады - Бауыржан Байбек

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат -  Алматыда Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай Студенттер сарайында Мемлекеттік рәміздердің 25 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. 

Шынайы патриотизм мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден басталады - Бауыржан Байбек

Алматы әкімі Бауыржан Байбек  шынайы патриотизм мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден басталатындығын айтты.

 «Біз, алматылықтар мемлекеттік рәміздердің, Конституцияның, ұлттық валютаның Алматыда бекітілгені үшін мақтанамыз. Бұл - біздің туған өлкеміздің, жалпы  еліміз тарихының алтын парақтары. Мемлекеттік рәміздердің терең мағынасы  мен мәні бар. Олар ұлттық рухты, тарих пен мәдениетті, еліміздің  қайталанбас ғаламат бейнесін айшықтайды. Президент айтып өткендей, жеке ұлттық кодқа айналып,  кез келген ұлтты өміршең ұлтқа айналдырады. Сонымен бірге, мемлекеттік рәміздер Елбасы жариялаған жаңару рухының баға жетпес  іргетасы болумен қатар,  халқымызды өрелі биіктерге жетелейді. Ал, бұл - ашықтық, өзгеріске дайын болу, болашаққа ұмтылу. Тәуелсіз Қазақстанның басты мақсаты - бәсекеге қабілетті дамыған елдердің қатарына еніп, қуатты да айбынды елге айналу», - деді Б.Байбек.

2 

Ол сонымен қатар өскелең ұрпақ үшін мемлекеттік  рәміздердің тәрбиелік мәні орасан екенін де айтты.

«Өскелең жас ұрпаққа қажетті барлық жағдайды жасау -біздің кезек күттірмейтін міндеттеріміз. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2017 жыл Алматыда «Жастар жылы» деп жарияланды. Осыған орай, мегаполисте «Жастарға 2020 жылға дейін қолдау көрсетудің Жол картасы» жасалды. Ашықтық, есеп беру  қағидаларын басшылыққа  ала отырып,  осынау құжатты жасау барысында біз жастардың  ұсыныстарын негізге  алдық. Жол картасы  қаладағы жастар ұйымдарының арасында  қызу талқыланды, Қоғамдық кеңесте  мақұлданып,  қала мәслихатында бекітілді», -деді қала басшысы.

Атап өтерлік жайт, Жол картасында  сапалы білім, тұрғын үй, жұмыспен қамту, түрлі бастамаларға қолдау білдіру сияқты бүгінгі күні жастарды  толғандыратын мәселелердің бәрі қамтылған.

1 

Мерекелік іс шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Алматылық жастар үшін  «Мистерионс», «КешYou» топтары, Төреғали Төреәлі, Камшат Жолдыбаева, Әли Окапов, Тұрар Рахимберлин, Жанна Орынбасарова, Ayree өнер көрсетті.

Бүгін Қазақстанда Мемлекеттік рәміздер күні. 1992 жылдың 4 маусымында Елбасы Н. Ә. Назарбаев еліміздің мемлекеттік рәміздерін - Туды, Елтаңба мен Әнұранды бекіткен еді.