Шыңға өрмелеуші Әсел Марленова Олимпиадаға мектеп залында жаттығуда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шыңға өрмелеуден жастар арасында әлем чемпионатының қола медаль жүлдегері, жастар арасында Азия чемпионатының төрт дүркін жеңімпазы Әсел Марленова үлкен жетістіктерге Астанадағы мектептердің бірінде жаттығып, қол жеткізіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әсел Қазақстан тарихында шыңға өрмелеуден жастар арасындағы Әлем біріншілігінде медаль еншілеген тұңғыш әрі әзірге жалғыз қыз. Әлем чемпионаты 7-14 қараша аралығында Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен болатын. Оған әлемнің 42 мемлекетінен спортшылар қатысты. Дода барысында спортшылар боулдеринг (орта биіктіктегі қиын трасса) бойынша, сонымен қатар биіктікке және жылдамдыққа жарысты. Қазақстандық спортшы соңғы сайыста жүлделі болды.
«Әсел Астананың 65-ші мектебінде 12 метрлік шыңда дайындалуда, ал эталонды трассаның биіктігі 15 метр болуы тиіс. Екіншіден, ол екі ауысымдық мектептің спортзалында дайындалатындықтан, оған жаттығуға ыңғайсыз. Біз әлем біріншілігіне дайындалып жатқан кезде, толыққанды 3-4 сағаттық жаттығуды тек жексенбі күндері ғана өткізе алдық. Ол кез келген сайыстарға қатыса алады, ол әмбебап спортшы. Бірақ бізде жағдай жоқ. Бұл әзірше олимпиадалық спорт түріне енбеген. Сондықтан оған стипендия берілмейді. Дегенмен алда өтетін «Токио-2020» Олимпиадасына шыңға өрмелеу спорты енгізілді. Әсел өзінің мықтылығы мен тұрақтылығы жағынан Қазақстанда ең мықты шыңға өрмелеуші, сондықтан ол Олимпиадаға қатысу үшін еңбектенуде», - дейді оның бапкері Клара Слуцкая.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда балалар аталмыш спорт түріне физиологиялық тұрғыда көп бейім келеді. Бұл спортқа жоғары деңгейде қаржылық қолдау көрсетілмесе де, 2010 жылы Саят Бақанов жастар арасында әлем чемпионы атанды. Ал 2013 жылы шымкенттік Тамара Кузнецова ересектер арасында әлем чемпионатында «қола» еншіледі. 2012 жылы астаналық Әмір Маймұратов жастар арасында Еуропа Кубогін жеңіп алды.
«Сүйектері жеңіл, ұшқыр, жылдамдықтары өте жоғары. Қаржылық жағына тоқталсақ, Астанада жылына екі мәрте Азия және Әлем бірінішіліктеріне «Жігер» спорт клубы мен қалалық спорт басқарамасы қаржы бөледі. Әлем Кубогі жолындағы жарыстарға қаржы өте сирек беріледі. Бірақ бізне жақынарада көңіл бөліне бастайды деген үміттеміз. Балаларымыз өте талантты, елдің 8 өңірінде шыңға өрмелеу спорты дамып жатыр. Жоғары деңгейдегі спортшылар Астанада, Алматыда, Қарағандыда және Шымкентте бар», - деді К.Слуцкая.