Шыңғыс Айтматовтың «Арманым Әселім» хикаясы Оралда сахналанды
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда Шыңғыс Айтматовтың «Арманым Әселім» атты туындысы бойынша Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында қойылған спектакльдің премьерасы болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Классик жазушының әйгілі хикаясын Қазақстанның халық әртісі, Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Талғат Теменов сахналады.
Аталмыш туынды бұдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын Ғ.Мүсірепов атындағы жасөспірімдер мен балалар театрында көрінген еді. Міне, осы шығарманы Талғат Теменов бүгінгі күнге лайықтап «Қызыл орамалды шынарым» деген атпен қайта қойған болатын.
Бұл жолы батысқазақстандық көрермендерге сыйға тартылған лирикалық драма барысында жол бойында танысқан Әсел мен көлік жүргізушісі Ілияс бір-біріне ғашық болып қалады. Ақыры Әсел ата-анасының рұқсатын алмастан, атастырылған жігітіне де қарамай, Ілиясқа еріп кете барады. Әйтсе де араға Қадиша түсіп, Ілияс ішкілікке салынады. Мұны білген Әсел кішкентай Саматын қолына ұстап, жолға шыққанда, егде жүргізуші Байтемірге кезігеді. Кезінде тау көшкінінің кесірінен әйелі мен қос баласынан айырылған мейірімді Байтемір Әсел мен ұлын үйіне паналатады. Ақыры бір жылдан кейін екеуі үйленіп тынады. Өзін жақсы көрген Қадишамен қош айтысқан Ілияс кездейсоқ Байтемірдің үйіне тап болады. Алайда бәрі де кеш еді. Спектакль көрермендерге махаббатты бағалау керектігін ұқтырады.
Ілиясты Жасқайрат Валиуллиев, Әселді жаңа есім Нұржиян Хасанова сомдады. Сондай-ақ театрдың белді әртістері Наргиз Шадыева, Мұсағали Бектенов, Гүлжиян Шынтемірлер де өз рольдерін алып шықты.
«Ұлы жазушының классикалық туындысын кезінде жастанып оқыдық. Сахналанғанын, онда кейінгіге аңыз болған өнер тарландарының ойнағанын көрдік. Бүгін, міне, сол шығарманың Оралда қойылуы тегін емес. Туған жерге тағзым деген бар. Сонау Нарын құмында ата-бабасының кіндік қаны тамған, қазір Қалибек Қуанышбаев атындағы театрда маңдай терін сыпырып, еңбек етіп жүрген Талғат Теменовтің бұл осы еліне жасаған тартуы деп білеміз. Ілияс ролінде ойнаған Жасқайратқа қатты риза болдым. Осындай талантты жастарымыз көбейе берсін. Әсел - Нұржиян әлі жас, болашағы алда деп ойлаймын», деді премьераға қатысқан ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгереева.
Талғат Теменов те Жасқайрат Валиуллиевпен бірге Нұржиян Хасанованың тырнақалды өнерін атап өтіп, жас дарынның әлі де студент екендігін жеткізді.
Спектакль соңында Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының бір топ қызметкеріне «Мәдениет майталманы», «Өнер саласының үздігі» белгісі табыс етілді. Олардың арасында Ж.Валиуллиевтің болуы да заңды еді.