Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінде лаңкестік қаупі туындаған жағдайда не істеу қажеттігі туралы ұсыныстар жазылған брошюра шықты

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінде (ШҰАӨ) террорлық акті туындаған жағдайда не істеу қажеттігі туралы халыққа арналған ұсыныстар жазылған брошюра жарық көрді, деп хабарлады қытайлық БАҚ.

Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінде лаңкестік қаупі туындаған жағдайда не істеу қажеттігі туралы ұсыныстар жазылған брошюра шықты

Мұны шыңжаңдық қоғамдық қауіпсіздік департаменті әзірледі.

«Террорлық шабуылға, оның орын алу қаупіне қалай ден қою қажеттігін білетіндер өзін қорғап қана қоймай, басқа адамның да өмірін сақтап қала алады», - деп жазған брошюра авторларының бірі Чжан Юйбо.

Қытайлық биліктің ресми деректеріне сүйенсек, 2013 жылы автономиялық өлкеде 200-ден астам лаңкестік акциялар орын алған, ал 2010 жылы оның саны 140-ты құраған.

Еске салатын болсақ, осы жылғы 21 қыркүйекте ШҰАӨ Луньтай уезінің бірқатар шағын елді мекендерінде бірнеше жарылыс болып, салдарынан 50 адам, сондай-ақ 40 жанкешті лаңкес көз жұмса, 54 адам жарақат алған.