Шыңжаңда коронавирусқа шалдыққандардың рекордтық саны тіркелді

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – Өткен тәулік ішінде ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономдық ауданында (ШҰАА) коронавирусқа шалдығудың жаңа 89 және аурудың клиникалық белгі жоқ 15 жағдай анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпараттың Қытайдағы меншікті тілшісі.

Шыңжаңда коронавирусқа шалдыққандардың рекордтық саны тіркелді

«28 шілде күнгі сағат 00:00-дегі жағдай бойынша Шыңжаң-Ұйғыр автономдық ауданы, соның ішінде Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусында (ШӨҚК) коронавирус жұқтырудың 89 расталған оқиғасы және ауру белгілерінсіз жүрген 15 адам анықталды.

Жалпы алғанда, Шыңжаңда COVID-19 жұқтырудың 322 расталған оқиғасы (соның ішінде 320-сы – Үрімжіде, біреуі – Қашғар аймағында және тағы біреуі – ШӨҚК-да тіркелген. Сондай-ақ, ауру белгілері жоқ 133 адам анықталды. 9 мыңнан астам адам дәрігерлер қарауында жүр», - делінген комитеттің ақпараттық бюллетенінде.

ҚХР Денсаулық сақтау ісі жөніндегі мемлекеттік комитетінің мәліметінше, соңғы тәулікте Қытайда коронавирус жұқтырудың 98 расталған оқиғасы тіркелді, соның ішінде 89-ы – Шыңжаң-Ұйғыр автономдық ауданы, 8-і – Ляонин провинциясы және біреуі Бейжіңде анықталды.

Еске салсақ, Қытайдың бірнеше өңірінде коронавирустың ошағы анықталғаны туралы хабарлаған болатынбыз.