Шынжаңда сел тасқынынан 1 мыңдай адам құтқарылды
БЕЙЖІҢ. Тамыздың 3-і. ҚазАқпарат /Руслан Сүлейменов/ - Шынжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінің Куча уезінде жүргізілген іздеу-құтқару жұмыстарының нәтижесінде 1 мыңға жуық жергілікті тұрғын қауіпсіз жерге көшірілді,
деп хабарлайды жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары.
Жергілікті өкіметтің ақпараты бойынша, негізінен құтқару жұмыстары аяқталып қалды, дегенмен іздеу-құтқару жасақтары апат аймағынан шыға алмай қалғандарды іздестіруде.
Жұмыстар өткен сенбі, шілденің 31-інде басталды, сол күнгі операцияның нәтижесінде 545 адам құтқарылды. Ал жексенбі, тамыздың 1-і күні құтқару жұмыстарына Шынжаңда орналасқан армия авиациясы бригадасының тікұшақтары жұмылдырылып, олардың көмегімен Куча уезінің солтүстігіндегі таулы аудандардан тағы 404 адам шығарылды. Құтқарылғандардың жалпы саны 949 адамға жетті.
Өткен бейсенбі, шілденің 29-ы күні Куча уезінің солтүстігіндегі таулы аудандарда қатты нөсер болып, соның салдарынан туындаған сел тасқыны жолдар мен көпірлерді шайып кеткен еді. Бірнеше жүздеген жергілікті тұрғындар, жол жұмысшылары мен туристер тасқын судың тұтқынында қалып қойды. Әзірге құрбан болғандар туралы ақпарат жоқ.