Шыңжаңда тағы да қант диабетін емдеудің жалған дәрілері анықталды
БЕЙЖІҢ. Наурыздың 24-і. ҚазАқпарат /Талғат Баймұхамбетов/ - Қытайдың Үрімжі қаласының Азық-түлік өнімдері мен фармацевтикалық дәрі-дәрмектердің сапасын бақылау жөніндегі басқармасы өткен аптада тағы да айналымнан қант диабетін емдеудің жалған дәрілері алынғанын мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қытайдың Цзилинь провинциясындағы «Хуэйнаньхуэйфа» фармацевтикалық компаниясы шығарған қандағы глюкозаның деңгейін төмендететін капсуладағы «Тансиньсукан-TM» деген дәріні ішіп, жағдайлары күрт нашарлаған науқастар басқармаға шағымданғаннан кейін осындай шаралар қабылданған болатын. Тауардың бүкіл партиясы Үрімжідегі жекеменшік емханалардың бірінен табылып отыр. Емхана қызметкерлері дәріні аталған фармацевтикалық компанияның агентінен сатып алдық деп ақталып отыр. Құқық қорғау органдары ол агентті де ұстады, бірақ «Хуэйнаньхуэйфа» компаниясы ол адамды білмейтіндерін айтып отыр. Қаңтар айында Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесіндегі Қашғар округіндегі дәріханалардан қант диабетін емдеуге арналған жалған капсулалардың мыңдаған қорапшалары тәркіленгенін ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлаған болатын. Қаңтардың 17-сі мен 19-ында Қашғар округінің екі тұрғыны Қытай мен Вьетнамның шекарасына жақын жердегі Гуаньси-Чжуан автономиялық ауданындағы «Пиннань» фармацевтикалық фабрикасы шығарған деген белгісі бар дәріні ішіп, қайтыс болғаннан кейін жергілікті өкімет дабыл соққан болатын. Жүргізілген тексерулер барысында, «Пиннань» фабрикасының маркасымен сатылып келген дәрілердің жалған екендігі анықталған.