Шыңжаңда жер сілкінісінен 400-ден аса үй қирады
АСТАНА. 2 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қытайдың солтүстік-батысында орналасқан Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында жексенбі күні күші 5,3 балдық жер сілкінісі болды, деп хабарлайды ҚХР геологиялық қызметінен.
Жер асты дүмпулері 1 желтоқсан күні жергілікті уақыт бойынша сағат 16:34-те тіркелді. Зілзала ошағы 9 шақырым тереңдікте орналасқан.
Жер сілкінісінің салдарынан 468 үй мен 185 мал қорасы қираған. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жайлы мәлімет келіп түскен жоқ.
Жергілікті билік тұрғындардың бірқатарын қауіпсіз аймаққа көшірді. Зардап шеккен отбасыларына жәрдем көрсету мақсатында бюджеттен 500 мың юань көлемінде қаржы бөлінді.