Шынжаңдағы бұқаралық тәртіпсіздіктің салдарынан қаза тапқандардың саны 192 адамға жетті
БЕЙЖІҢ. Шілденің 16-сы. ҚазАқпарат - Шынжаң-ұйғыр автономиялық өлкесінің әкімшілік орталығы - Үрімші қаласында шілденің 5-інде бұрқ ете қалған бұқаралық тәртіпсіздіктің құрбандарының саны 192 адамға жетті.
Бұл туралы Синьхуа агенттігі хабарлап отыр.
Қытайлық ханьдар мен ұйғырлардың арасындағы этносаралық қақтығысқа айналған тәртіпсіздіктерден кейін қазір қаладағы тіршілік, жекелеген аудандарда сақталып отырған кейбір оқиғаларға қарамастан, бұрынғы қалпына оралып келеді. Атап айтқанда, дүйсенбі күні полиция көшеде кетіп бара жатқан бір адамға шабуыл жасамақ болған екі ұйғырды атып өлтірді. Қаладағы жаңа зорлық-зомбылық ошақтары туралы әзірге ешқандай ақпарат түскен жоқ.
Қытай бұқаралық ақпарат құралдарына сүйенсек, жалпы алғанда, қаладағы жағдай қабылданған қауіпсіздік шараларының арқасында, тыныштанып келеді. Қоғамдық қауіпсіздіктің жергілікті басқармасы аптаның басында құжаттарды тексерудің күшейтілген режимі енгізілгенін мәлім еткен болатын. Оған қоса, тұрғындарға өздерімен немесе автокөліктерде шоқпар, пышақ сияқты қауіпті заттарды алып жүруге тыйым салынды. Рұқсат етілмеген жиналыстарға да, көшелерде ұрандар айқайлап, транспаранттар ілуге де тыйым салынған.