Шыңжаңдағы кикілжің - Қытайдың ішкі ісі -шілденің 16-сы күнгі республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Шілденің 16-сы. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда шілденің 16-сы,  бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

Шыңжаңдағы кикілжің - Қытайдың ішкі ісі -шілденің 16-сы күнгі   республикалық басылымдарға шолу

 

                                                                                         ***

Ұйғыр мемлекеті бұрын-соңды тарихта болды ма? Қытай проблемасы Қазақстанның бас ауруына айналмай ма? Ұйғыр -қытай арасындағы кикілжің неден туындады? Үрімшідегі  жағдай Қазақстан мен Орталық Азияға қалай әсер етеді? «Айқын-апта» басылымы  «Бұл -Қытайдың ішкі ісі» деген тақырыппен жарияланған мақалада жұртшылықтың көкейінде жүрген осы сауалдарға орай Қазақстан  Стратегиялық зерттеулер институтының  бас ғылыми қызметкері, қытайтанушы Константин Сыроежкин мен ұйғыртанушы ғалым, Дүниежүзілік ұйғыр конгресі төрайымының орынбасары  Қаһарман Қожамбердиевтің  «Айт Park»  пікір-сайыс клубында айтқан пікірлерін назарға тартады.

 ***

«Қазақстан халқының жарты миллионы - кемтар жандар». «Айқын -апта» басылымы осы тақырыппен қалың оқырманның назарын елдегі әлеуметтік мәселелерге қарай бұрады.

 

«Қазақстанда медициналық әлеуметтік мекемелердегі  кемтар жандарды тамақтандыру нормасын тоғыз есе арттыру қажет. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кешегі алқа мәжілісінде  Гүлшара Әбдіхалықаова осындай мәлімдеме жасады. Министрлік мамандары тексеру барысында кейбір облыстарда арнайы емдеу орындарына сауықтыру үшін жатқызылған мүгедектердің тамақтан тарығып жүргенін әшкерелеген. Әрине, азаматтық қоғам құрып жатқан мемлекетте мұндай масқараға жол берілмесе керек-ті», - деп жазған басылым еліміздің әр облысы бойынша нақты жағдайды алға тартып, дәйек пен деректерді жайып салады.

 

***

Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығындағы стратегиясы серіктестермен өзара түсіністік, сенім және құрметке негізделген сындарлы сұхбаттастық жүргізу қағидаларына сүйенеді. Өткен аптада Киевте өткен ТМД-ға мүше мемлекеттердің Парламентаралық ассамблеясының көшпелі отырысында Қазақстан делегациясына басшылық еткен ҚР Парламенті Сенатының төрағасы,  ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының вице-спикері және ТМД Парламентаралық ассамблеясы кеңесінің  мүшесі Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеді.

 

Қ. Тоқаевтың айтуынша, ЕҚЫҰ-ға бұрынғы  кеңестік мемлекеттер мүше болғалы Ұйымның мәні мен келбеті айтарлықтай өзгерді, -деп жазады  «Казахстанская правда» газеті.

«Сондықтан, жаңа тарихи және геосаяси жағдайда оның қызметінің тиімділігін көтеру ең маңызды міндет болып табылады, онсыз ЕҚЫҰ жаңа қатерлерге тиісінше үн қата алмайды», - деген спикердің сөзін келтіреді басылым.  

 

***

Ал «Экспресс К» басылымы Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко теңгені құнсыздандырудың екінші толқыны болады деген өсекті жоққа шығаратынын жазады.

 

«Біздің ресми ұстанымымыз бар, бұдан былай да болады - ақпанның 4-індегі шара жеткілікті. Биыл девальвацияның ешқандай екінші, үшінші  немесе бесінші толқыны болмайды. Яғни, біз белгілі бір дәліз бойынша міндеттеме алдық, енді соны ұстап тұратын боламыз», - дейді Г. Марченко.

 

***

«Литер» басылымы әлемдегі ең ұзын су құбырларының бірі  - бұрынғы «Союзцелинвода» су құбырының ескі құбырлары металл жинаушылар үшін телегей табыстың көзіне айналғанын жазады. Газеттің келтірген дәйектеріне қарағанда, ескі құбырларды қазып алумен айналысатын олар Солтүстік Қазақстан облысының жеріне орасан зиян келтіріп, шенеуніктердің де аранын ашуға сеп болып отыр.

 

--0-