Шынжаңның Шіңгіл ауданында Жансейіт Мұхамметұлының туған күніне арналып палуандар белдесуі өтті
ҮРІМЖі. Шілденің 21-і. ҚазАқпарат /Ризабек Нүсіпбекұлы/ - Жақында Шынжаңның Шіңгіл ауданында аудандық мадениет мекемесінің ұйымдастыруымен Жансейіт Мұхамметұлының туған күнініе арналып, ересектер арасында палуандар белдесуі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алтайдың әр аулынан келген бұқа мойын, бура сан палуандар боз кілемнің үстінде төрт түрлі салмақ бойынша бақтарын сынады. Белдесу соңында Садан Айдынұлы, Жұман Әпесұлы, Тілеубек Нұртазаұлы, Сарқыт Сәкенұлы қатарлы спортшылар өз салмақтары бойынша «Түйе» палуандар атанды. Жүлдегерлер арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Жансейіт Мұхамметұлы - Шынжаң қазақтары арасынан шыққан жоғары салмақтағы арқалы палуандардың бірі. Өз кезінде неше мәрте мемлекеттік, халықаралық додаларға қатысып, жауырыны жерге тимей рухымызды асқақтатқан қазақтың оғылан ұлы.