Шыршаны орнату мен безендіруде қауіпсіздік ережелерін ескеру қажет - ТЖД

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласында жыл сайын Жаңа жыл мерекесі кезінде 10-15 өрт тіркеледі. Осы орайда, қалалық төтенше жағдайлар департаментінен шыршаны орнату мен безендірудегі қауіпсіздік ережелері ескертілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шыршаны орнату мен безендіруде қауіпсіздік ережелерін ескеру қажет - ТЖД

Шыршалар мен олардың әшекейлерін орнату кезінде өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында бірқатар ережені ескеру қажет.

«Бірінші, ағаштар орнықты негізге орнатылып, үй-жайдан шығуға тосқауыл болмауы керек.

Екінші, шыршаның бұтақтары қабырға мен төбеден кем дегенде 1 метр қашықтықта орналасуы қажет.

Үшінші, трансформаторсыз электр желісін пайдаланған кезде кернеуі 12 Вольтке дейінгі шамдарды қолданыңыз. Шамдардың рұқсат етілген қуаты 25 Ваттан аспауы керек;

Төртінші, егер жарықтандыру кезінде ақаулық анықталса (сымдардың қызуы немесе ұшқын шығару), онда гирляндыны дереу электр желісінен ажыратыңыз.

Бесінші, зақымданған немесе бүлінген, өрт тудыруы мүмкін электр желілерін пайдаланбаңыз», - делінген департаменттің баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.

Айта кетсек, Алматыда 25 желтоқсаннан бастап төтенше жағдайлар департаменті мен полиция қызметкерлері пиротехникалық бұйымдар сатылатын орындарда рейд жүргізіп жатыр. Пиротехникалық бұйымдарды өткізу қағидаларын бұзған 23 адамға әкімшілік шара қабылданды. ҚР заңнамасының талаптарына сай келмейтін 262 жиынтық (200 кг астам) пиротехникалық бұйым тәркіленді.