«ШЫҰ әскери одаққа айнала ма?» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі 19 тамыз, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
***
«Егемен Қазақстан» газетінде «Ауыз су - әлеуметтік маңызды бағыт» атты материал басылды. Елбасының атына Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметовтен хат келді. А.Мырзахметов өз хатында облыстың елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз етуге байланысты Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырманың орындалу барысы туралы хабарлады. Әкім өңірде 2,7 миллион адам тұратын 929 елді мекенді сумен қамтамасыз ету жөнінде жүйелі әрі тұрақты жұмыс жүргізіліп жатқанын баяндаған. Атап айтқанда, соңғы 5 жылда 253 елді мекенде тұратын 873 мың тұрғын ауыз сумен қамтамасыз етілген. Нәтижесінде су құбырымен қамтылған елді мекендер саны 412-ден (44,3%) 665-ке (71,6%) дейін, ал суға қолы жеткен тұрғындар саны 1,4 миллионнан (56%) 2,3 миллионға (85,1%) дейін өскен. Сонымен қатар, Асар-Қайнарбұлақтағы суаққы бүгінгі таңда сусорғы қондырғыларымен толық жабдықталды және 16 шақырым су құбыры мен 10,5 шақырым коллектордың құрылысы аяқталып, елді мекеннің ішкі тораптарына қосу жұмыстары жүргізілуде. Нысанды биылғы 15 қазанда пайдалануға беру жоспарлануда. Оның мерзімін кешіктірген кінәлі тұлғалар жұмыстан босатылған. Өз міндеттемелерін бұзған мердігерге тиісті шара қолданылған. Сондай-ақ, Сарыағаш ауданының Ынтымақ ауылын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі қыркүйек айында шешілетіні айтылған.
Осы басылымда « 70 жылдан соң жеткен орден» атты материал берілген. Қаладағы соғыс және еңбек ардагерлері кеңесі үйінде Қазақстандағы Ресей бас консулдығының вице-консулы Сергей Шимко майдангер Ұзбақан Сиябаевқа арналған орденді қызы Тәнзираға табыстады. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін берілген орден 70 жыл өткенде ғана оның туыстарына жетіп отыр.
1941 жылы 34 жастағы Ұзбақан аға майданға аттаныпты. Бірнеше рет жараланып, 1945 жылы еліне оралған. 1946 жылы Жеңістің 1 жылдығына орай екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталды. Бірақ Қорғаныс министріне майдангердің адресі табылмады деген жауап келеді. Сөйтіп, награда табысталмай қалады.
- 2012 жылы балаларым Ұлы Отан соғысында марапатталғандардың арнайы сайтына кіріп отырып, аталарының фамилиясын көріп қалады, - дейді Тәнзира Сиябаева. - Мен Ресей Федерациясының мұрағатына хат жазып, сұрастырып едім. Олар бұл кісі марапатталды, бірақ түрлі себеппен табысталмапты деп жауап берді. Енді мен бүгін «ешкім де, ешнәрсе де ешқашан ұмытылмайды» деген қанатты сөзге сеніп отырмын.
***
«Мемлекет оқушыларды тегін оқулықтармен қамтамасыз етуге міндетті емес». Бұл Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиевтің баспасөз мәслихатында айтқан мәлімдемесі. Вице-министрдің ойынша, тегін оқулық ең әуелі тұрмысы төмен отбасылардың балаларына, жетімдерге, ата-ананың қарауынсыз қалған оқушыға берілуі тиіс екен. «Бұл санаттағылар республика бойынша тегін оқулықпен жүз пайыз қамтылуға тиіс». Демек, белгілі бір мөлшерде оқулықтарға қол жеткізгіңіз келсе, жетім, не болмаса ата-анаңыздың қарауынсыз қалуыңыз керек. Сондай санатта болсаңыз, оқулықтан мәселе болмайтынын вице-министр анық айтып отыр. Сонда Иманғалиевтің қазақ әулеттерінің көпбалалы болып келетінін білмегені ме? Әлде осы арқылы қалың қазақты қараңғылыққа итермелегісі келе ме?», - деп жазады «Айқын» басылымы бүгінгі санында. Жыл сайын қыркүйекпен бірге оқулықтың да жыры басталады. Балаларының оқулығы түгелденбеген ата-аналар шабылып, баспалардың есігін тоздырады. Мұның бәрі оқулықтың жетіспеушілігінен туындайтыны белгілі. Үш-төрт кітап үшін табанынан тозып, кітап дүкендерін аралап жүргендері. Іздеген кітабы табылса жақсы, табылмаса қайтеді?! Бұл жайт жыл сайын үйреншікті әдетке айналып барады. Оқу жылы алдындағы әбігерлік, кітап дүкендеріндегі дүрлігу, оқулық тапшылығы толастаған емес. Бұл мақала «Қазақты қараңғылыққа итермелегісі келе ме?» деген тақырыппен берілген.
Осы басылымда «ШЫҰ әскери одаққа айнала ма?» атты мақала басылды. Шанхай Ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) соңғы 10 жылда болмаған аса ірі әскери оқу-жаттығуын өткізбек. Іс-қимыл Қытайға қарасты Ішкі Моңғолия жерінде 24-29 тамыз күндері өтпек. Қазірдің өзінде ұйымға мүше елдердің оқу-жаттығу қимылына қатысатын әс-керлері аталмыш жерге келіп орналасып жатыр. Әскери қимылға 7 мың жауынгер қатыспақ.
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында « Оқушы киімін неге өзімізде тікпеске ...» деген мақала жарияланды. Тамыз айының алғашқы онкүндігі өтісімен-ақ еліміздің түкпір-түкпірінде «Мектепке жол» акциясының жүргізілуіне орай жәрмеңкелер өз жұмыстарын бастап кетті. Биыл елімізде 300 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барады. Тек Алматының өзінде 23500 бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды екен. « Бірі «әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына қиын түспес үшін біркелкі форма кидіру керек» дегенді алға тартса, екінші жақ, баланың талғамын шектемеуді құптайды. Қоғамдағы осындай екіұдай пікірдің орын алуына қарамастан, қазір мектептерде лажы болғанынша бірыңғай киімдерді кию үрдіс алған. Бірақ сол бірыңғай киімдердің өзі әр мектепте әртүрлі. Мысалы, кейбір мектептің шәкірттері бұрыннан қалыптасқан ақ фартук пен қара көйлек кисе, енді бірі өздеріне лайықталып тіктірілген бірыңғай киімдерімен бірден көзге түседі. Сонымен, бір баланы мектепке дайындау үшін орта есеппен 40-45 мың теңге жұмсалады екен. Ал бір үйден бірнеше бала мектепке баратын болса, ата-ананың қалтасын жұқартатыны анық», - деп жазады басылым.
***
«Экспресс-К» газетінің бүгінгі санында «Особенности автомобильной рыбалки» деген материал берілген. Елорда маңындағы техникалық қызмет көрсету сервисінің бірінде қала тұрғындары өздерінің «темір тұлпарларын» жөндеумен қатар, балық аулап демала алады екен. Атап айтқанда, төрт жыл бұрын кәсіпкер Евгений Сәтпаев автосервисті ашқан кезде нысанның жанындағы батпақты суға мән бермеген екен. Алайда кейіннен ол жерге су көптеп жиналып, балық өсіруге лайықты тоғанға айналған көрінеді. Енді көліктерін жөндетуге келген ТҚКС клиенттеріне уақыт өткізу үшін қармақ таратылатын болды. Әзірге бұл қызмет ақысыз ұйымдастырылып отыр екен.