ШЫҰ Бас хатшысы Қазақстанға келеді
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қазақстандық тараптың шақыртуымен 2017 жылғы 4-6 сәуір аралығында ШЫҰ Бас хатшысы Рашид Алимов Қазақстанға келіп, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздік кеңестері хатшыларының 12-ші кездесуіне қатысады, деп хабарлады Қытайдағы «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.
Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының кездесуі Астанада осы жылы 8-9 маусымда өтетін ШЫҰ Саммиті қарсаңындағы алғашқы маңызды кезеңді шара болып табылады.
Кездесу барысында ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер өкілдері ШЫҰ кеңістігінде, тұтастай әлемде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасады.
Кездесу қорытындысы бойынша Президенттің көмекшісі - ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Владимир Жұмақанов пен ШЫҰ Бас хатшысы Рашид Алимовтың бірлескен баспасөз мәслихаты өтеді.
Сапар аясында бірқатар екіжақты кездесулер жоспарланған.
ШЫҰ бас хатшысы «ЭКСПО - 2017» көрмесіне ШЫҰ павильонын салу жұмыстарының барысымен танысады. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы дипломатия институтының тыңдаушыларымен кездесіп, Назарбаев Университеті профессорлық-оқытушылық құрамымен, студенттерімен кездеседі.