ШЫҰ бас хатшысы: Сайлаудың легитимділігіне күмән келтіретіндей заңсыздық тіркелген жоқ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Чжан Мин Орталық сайлау комиссиясының кезектен тыс Президент сайлауының алдын ала қорытындысын жариялағаннан кейін миссияның жұмысын түйіндеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бас хатшының айтуынша, 17-20 қараша аралығында ШЫҰ миссиясы Қазақстан Республикасының шақыруымен кезектен тыс Президент сайлауына байқау мисссиясын атқарған. Құрамына 18 байқаушы кірген делегацияға 7 мемлекеттің өкілдері, ШЫҰ-ның хатшылық өкілдері, өңірлік құрылымдарының өкілдері кіріпті.

«ШЫҰ өкілдерінің байқауы Астана қаласы мен Ақмола облысының аумағында 22 учаскені қамтыды. Миссия мүшелері бюллетендер дайындау, дауыс беру жәшіктерін пломбалау процестеріне қатысты. Сондай-ақ, сайлау комиссияларының мүшелерімен, сайлаушылармен, әлеуметтік байқаушылармен кең ауқымда ашық сұхбат құрдық. Осы процесс кезінде сайлау өткізуге дайындық тәртіппен, жақсы ұйымдастырылғанын тіркедік. Бәрі қалыпты жағдайда, тәртіпке сай өтті. Екіншіден, бүкіл сайлаушылар үлкен белсенділік танытты», - деді Чжан Мин.

Оның сөзіне қарағанда, дауыс беру процедурасын іске асыруға арналған бүкіл жағдай жасалған.

«Егде жастағы азаматтар мен мүмкіндігі бар жандарға арнайы жағдай жасалды. Сайлау комиссияларының өкілдері дауыс берушілер қойған сұрақтарға өте толыққанды жауап беріп жатты. Сондай-ақ, байқаушылар тарапынан сұрақтарға түсініктеме берді. Мен бүкіл сайлау учаскесіне кірген кезде өз құжатымды көрсетуге тура келгенін атап өтуім керек», - деген ШЫҰ бас хатшысы сайлау учаскелерінде байқау жүргізу кезінде бірде-бір кедергіге тап келмегенін ерекше атады.

«Сондықтан Қазақстан тарапы сайлау процесіне бақылау жүргізуге қажетті бүкіл жағдайды жасады деп айтуға болады. Сондай-ақ, аталған сайлаудың ашықтығы байқалып тұрды. Бұл қорытындылардың бәрін біздің миссия мүшелері жеке байқаулары негізінде шығарды. Ұлттық заңнаманың сайлау легитимділігіне күмән келтіретіндей бұзылуын біздің миссия тіркеген жоқ. Бізге ешқандай шағым немесе ескерту түскен жоқ. Жеке байқауымыз негізінде миссия өткен сайлауды ашық, сенімді әрі демократиялық деп таниды. Қазақстан Президентінің сайлауы Қазақстандағы сайлау елдің өзі қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сай болды. 10 минун бұрын Орталық сайлау комиссиясы осы сайлауға халықтың қатысу көрсеткішін жариялады. Бұл біз көрген ахуалмен толық сәйкеседі», - деді Чжан Мин.
Айта кетейік, Орталық сайлау комиссиясы Президент сайлауының алдын ала нәтижесін жариялаған болатын.


Соңғы жаңалықтар
telegram