ШЫҰ байқаушыларының миссиясы Қазақстандағы президенттік сайлауға үлкен мән береді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов кезектен тыс президенттік сайлауға Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) атынан қатысатын Байқаушылар миссиясының басшысы, ШЫҰ Бас хатшысы Владимир Норовпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ШЫҰ байқаушыларының миссиясы Қазақстандағы президенттік сайлауға үлкен мән береді

ҚР СІМ-нің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, В. Норов ШЫҰ Хатшылығы Ұйымның соңғы 15 жылдағы қызметінің 48-ші миссиясы болып табылатын алдағы шараға үлкен мән беретінін атап өтті.

«Алдағы сайлау өте бәсекелі болып табылады және жеті кандидаттың, соның ішінде түрлі саяси бағдарламаларды ұсынған әйел адамның қатысуы арқасында қазақстандық сайлаушылар үшін шынайы кең таңдау мүмкіндігін қамтамасыз етеді», - деп атап өтті ШЫҰ Бас хатшысы.

«ШЫҰ Миссиясының байқаушылары Қазақстанның 7 ірі қаласындағы сайлау учаскелерінде жұмыс істейтін болады. Миссия құрамында ШЫҰ-ға мүше жеті мемлекеттің заң шығару, атқарушы және сайлау органдарының өкілдері, сондай-ақ Ұйымның тұрақты органдары болып табылатын Хатшылық пен Өңірлік терроризмге қарсы құрылымның Атқару комитетінің 25 ресми тұлғасы бар.

СІМ-де өткен кездесуде сұхбаттасушылар Шанхай ынтымақтастық ұйымының саясат пен қауіпсіздік, сауда және экономика, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық бағыттағы ықпалдастық сөз болды. Оған қоса, 13-14 маусымда Бішкек қаласында өтетін ШЫҰ Саммитінің күн тәртібі мен дайындық барысы талқыланды. Осы тұрғыда қазақстандық Министр биылғы 22 мамырда Бішкекте өткен Ұйымның сыртқы істер министрлерінің осы іс-шараны дайындау жөніндегі кеңесінің қорытындысын, сондай-ақ жалпы Қырғызстанның ШЫҰ-ға табысты төрағалық етуін ерекше атап өтті», - делінген баспасөз баянында.

В.Норов ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ұйым аясындағы, бірінші кезекте, көпжақты ынтымақтастықтың барлық бағыттарын нығайтуға бағытталған бастамаларына жоғары баға берді.

ШЫҰ Хатшылығы 2004 жылдан бастап сайлауларда байқаушылықты жүзеге асыруда. 15 жылдың ішінде 47 миссия, оның ішінде 10-ны Қазақстанға жолданды.

ШЫҰ байқаушылары 48-ші миссиясының штабы Ұйым Хатшылығы және мүше мемлекеттерді қамтитын 25 қатысушыдан құралған. Миссия жұмысы республикалық маңызы бар 3 қалада және 6 облыста іске асырылады (Ақмола, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Түркістан облыстары).

Ұйымға мүше елдер - Қазақстан, Үндістан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан. ШЫҰ-ға байқаушы елдер - Ауғанстан, Беларусь, Иран және Моңғолия. ШЫҰ-ның диалог бойынша әріптестері - Армения, Әзербайжан, Камбоджа, Непал, Түркия және Шри-Ланка.