ШЫҰ Қазақстандағы сайлауға қатысты мәлiмдеме жасады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шанхай ынтымақтастық ұйымы Қазақстандағы кезектен тыс президенттiк сайлауға қатысты бақылау миссиясының алдын ала қорытындыларын шығарды.
Астанада өткен арнайы брифингте ұйымның бас хатшысы Дмитрий Мезенцевтiң өзi сөз сөйледi. Оның айтуынша, миссия бес бағыт бойынша жұмыс жасауда. ШЫҰ мiндеттi түрде Астанадағы сайлау учаскелерiнде болуды шештi. Сонымен бiрге байқаушылардың бiр бөлiгi Алматыда, келесi бөлiгi Көкшетау, Қарағанды және Шымкентте жұмыс атқарып жатыр.
"Бiз бiр-бiрiмiзбен хабарластық. Бiзде, барлығымызда ортақ пiкiр қалыптасты. Сайлау өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған және барлығы қалыпты, тыныш өтуде", - дедi ол.
Сайлау учаскелерiнде болған ШЫҰ өкiлдерi халықтың жоғары электоралды белсендiлiгiн атап өтуде.
"Бiз көп сауалдар тастадық. Ұлттық заңнама талаптарына сай өтiп жатқанына тағы бiр рет көз жеткiздiк. Сайлау комиссиясы құрамындағы қызметкерлер кәсiби тұрғыда дайындалған мамандар", - дейдi Д. Мезенцев.
Оның айтуынша, сайлау учаскелерiнде қарт кiсiлерге, Ұлы Отан соғысының ардагерлерiне жасалған жағдай өте жоғары деңгейде болды. Жастарға да үлкен мән берiлген.
"Бiз жастардың сайлау учаскелерiне көптеп келiп жатқанын көрдiк. Әрине, бiз кiм қандай үмiткерге дауыс бергенiн сұрай алмаймыз. Бiрақ бiз олардың сайлауға қандай көңiл-күймен келгендiктерiн сұрадық. Олар өз мемлекетiнiң бүгiнгi өмiрiне және болашағына бүгiн жауапты екендiктерiн түсiнедi. Бұл өте маңызды", - деп түйдi сөзiн ШЫҰ басшысы.