ШЫҰ миссиясы сайлауды байқауды қазақстандық заңнама аясында және халықаралық өлшемдер негізінде жүргізеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымы байқаушылары миссиясының басшысы Азиз Носировпен кездесті.
Кездесу барысында Орталық сайлау комиссиясының басшысы Қ.Тұрғанқұлов А.Носировке комиссиясының Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын және мәслихаттарының депутаттарын сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі жұмысымен толық таныстырды.
«Электораттық науқан кезеңдері заңнамада көзделген тәртіпте өтуде. 18 наурыз күні сағат 24:00-де саяси партиялар мен мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың сайлау алдындағы үгіті аяқталады. БАҚ-қа мониторингтің алдын ала қорытындылары көрсеткендей, тұтас алғанда біз сайлауға қатысушы саяси партиялардың барлығына бұқаралық ақпарат құралдарына тең қол жеткізуін қамтамасыз ете алдық. Кеше, Орталық сайлау комиссиясы бекіткен регламентке сәйкес алты саяси партия теледидарлық пікірсайысқа қатысты. Үгіттік жұмыстың мұндай нысаны сайлау туралы заңда көзделген» - деді Қ.Тұрғанқұлов.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауды байқау жөніндегі ШЫҰ миссиясының басшысы ұйымның беделді мүшесі болып табылатын Қазақстандағы сайлауға мониторинг жүргізуге белсенді қатысуға ниет білдірді.
А.Носиров сондай-ақ сайлауды ұйымдастыру деңгейіне және қазақстандық БАҚ-тың сайлау науқаны кезіндегі қызметіне баға берді.
«Біз дайындық рәсімдерінің маңыздылығы мен мұқияттылығын атап өттік. Біздің миссия сайлауды байқауды қазақстандық заңнама аясында және халықаралық өлшемдер негізінде жүргізеді» - деген ол кездесу соңында Орталық сайлау комиссиясына және Қазақстандағы сайлауды ұйымдастырушылардың барлығына сәттілік тіледі.
Кездесуге сондай-ақ Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымы хатшылығының бас сарапшысы М.Асейинов қатысты.