ШЫҰ-ның шекара мәселелері бойынша ынтымақтастығы артады - Парламент
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің шекара мәселелері бойынша ынтымақтастығы мен өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР Заңын қабылдады.
Келісімнің мақсаты - мемлекеттік шекараларды қорғау, шекара маңындағы аумақтарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастықты нығайту. Бұл ретте Тараптардың құзыретті органдарының мүмкіндіктерін арттыру, сонымен бірге, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттерінің шекараларында құқыққа қайшы әрекеттерді анықтау, оның алдын алу және жолын кесудегі күш-жігерді үйлестіру көзделеді.
Келісім аясында құзыретті органдар айқындалады. Қолбасшыларының немесе олардың орынбасарларының отырыстары, кездесулерін өткізу мәселелері белгіленеді. ШЫҰ мүше мемлекеттері келісілген шекаралық қызметтерді жоспарлау, ақпарат алмасу, құзыретті органдардың кадрларын кәсіптік даярлау, олардың біліктілігін арттыру мәселесінде ынтымақтастықты арттырады.