ШЫҰ-ның штаб-пәтерінде Астана саммитінің қорытындысы шығарылды
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - ШЫҰ-ның штаб-пәтерінде ұйымның Бас хатшысы Рашид Алимов пен Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Шахрат Нұрышевтың қатысуымен Астана саммитінің қорытындысына арналған баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Қытайдағы меншікті тілшісі.
«Саммит шынымен де тарихи оқиға болып, ұйым тарихында алтын әріппен жазылып қалды», - деді баспасөз мәслихатының ашылуында ШЫҰ-ның Бас хатшысы.
Ол өзінің сөзінде, ШЫҰ-ға мүше елдер басшылары кеңесінің отырысы және жұмыс бағдарламасы шеңберіндегі іс-шаралар ұйымның бірлігін паш етіп, мүше елдердің ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа мүдделі екендігін айқын көрсеткендігін жеткізді.
Сонымен қатар Қазақстан ұйымға төрағалық еткен жыл ішінде саммитке жан-жақты дайындық жүргізілгендігін және оның процесіне Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке өзі назар аударғандығын атап айтты.
«ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысында Үндістан мен Пәкістанның ресми түрде ұйымға мүше болуын тарихи сәт деп бағалау керек», -деп түйді Рашид Алимов.
Сондай-ақ ШЫҰ Бас хатшысы қауіпсіздік мәселесіне де ерекше назар аударып өтті. Бұл мәселе ШЫҰ қызметін айқындайтын бағыттардың бірі болып қала береді. Мүше-мемлекеттер басшыларымен келісілген «Экстремизмге қарсы іс-қимыл конвенциясы» ұйымға мүше елдердің қауіп-қатерге ұжымдық жауабы болып табылады.
Бас хатшының сөзіне қарағанда, ұйым елдері арасындағы экономикалық және сауда-саттық, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық бағыттардағы қатынастар нығая түскен.
Астанадағы саммитті қорытындылауға арналған жиында ҚР Төтенше және өкілетті елшісі Қазақстанның сыртқы саясаттағы орнын тілге тиек етіп, ұйымға мүше болған Үндістан мен Пәкістан елдерінің елшілерін құттықтап сөз сөйледі.
«Бір жыл ішінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев атап өткен Қазақстанның ШЫҰ төрағалығына басымдылық ретінде өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономикалық қарым-қатынасты ныңайту, көлік-транзиттік әлеуетті кеңейту және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты ілгерілету мәселелері бойынша жұмыстар жүргізілді», - деді Ш.Нұрышев.