ШЫҰ-ның штаб пәтерінде Үндістан мен Пәкістанның тулары көтерілді
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Бүгін Шанхай ынтымақтастық ұйымының штаб-пәтерінде ұйымға жаңадан мүше болған екі жаңа мемлекет - Үндістан Республикасы мен Пәкістан Ислам Республикасының мемлекеттік туларын салтанатты түрде көтеру рәсімі өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Қытайдағы меншікті тілшісі.

Шараға Қытай Халық Республикасы Сыртқы істер министрінің көмекшісі Кун Сюанью, ШЫҰ-ның Бас хатшысы Рашид Алимов, мүше мемлекеттердің төтенше және өкілетті елшілері, ШЫҰ диалогы бойынша бақылаушылар мен әріптестер, ШЫҰ Хатшылығының лауазымды тұлғалары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Салтанатты шараны ашқан ШЫҰ-ның Бас хатшысы «16 жыл бұрын дәл осы күні әлемнің саяси картасында Шанхай ынтымақтастық ұйымы пайда болды. Тату көршілік, бірлесіп даму Хартияда айтылған мемлекетаралық қатынастардың қарапайым әрі ашық қағидаттары жаңа үлгідегі Ұйымның іргелі негізі болды және ШЫҰ-ны халықаралық өмірдің нақты факторына айналдырды», - деді Р. Алимов.
Айта кетейік, 9 сәуірде Астанада өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кеңейтілген отырысында Үндістан мен Пәкістан ресми түрде ШЫҰ-ға мүше болды.








