ШЫҰ Сенат депутаттары сайлауын ұйымдастыру шараларына жоғары баға берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - ШЫҰ байқаушылары миссиясы ҚР Парламенті Сенатының депутаттары сайлауын ұйымдастыру шараларына жоғары баға берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің миссиямыздың қатарында 12 байқаушы болды. Олар ұйымыздың мүше мемлекеттері ҚХР, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, сонымен қатар ШЫҰ хатшылығының өкілдері», - деді еліміздің Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте аталған миссия жетекшісі Ван Кайвень.
ШЫҰ миссиясы ҚР Орталық сайлау комиссиясының, Астана, Алматы және Көкшетау қалаларының аумақтық орталық сайлау комиссияларының қызметімен танысып, ОСК басшылығымен, кандидаттардың сенімді өкілдерімен кездесулер өткізген. 28 маусым, дауыс беру күнінде ШЫҰ миссиясының өкілдері Астана, Алматы және Көкшетау қалалары сайлаушыларының отырысына қатысып, электронды тіркеу, дауыс беру, дауыстарды санау, нәтижесін жария ету шараларына қатысқан.
«ШЫҰ миссиясы ҚР Орталық сайлау комиссиясының Сенат депутаттарын сайлау науқаны барысында жүргізген түсіндіру жұмыстарына өте жоғары баға береді. Сайлау учаскелеріндегі дауыс беру барысы белгіленген тәртіппен және саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің, сонымен бірге халықаралық байқаушылар мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен тыныш өтті. ШЫҰ миссиясының өкілдеріне ешқандай шағым не болмаса ескерту келіп түскен жоқ. Сенат депутаттарын сайлау Қазақстан заңнамасына және халықаралық міндеттемелерге сай жүргізілді», - деді Ван Кайвень.