ШЫҰ Сенат сайлауының қорытындысын мойындайды - байқаушылар миссиясы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенат сайлауы заңнамаға сәйкес өткізілді. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында Сенат сайлауында Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы атынан байқаушылар миссиясының басшысы Махмадшариф Хакдодов мәлім етті.
«ШЫҰ байқаушылар миссиясына ҚР Сенаты депутаттығына тіркелген кандидаттар туралы толық ақпарат ұсынылды. 1 қазандағы сайлау күні миссия мүшелері сайлау учаскелерінде болды. Осының нәтижесінде біз ҚР ОСК жүзеге асырған ұйымдастырушылық және түсіндіру шараларының жоғары сапалы болғанын мәлімдейміз. ҚР ОСК заңнаманы қолдану бойынша барлық нұсқауларды таратып, ұйымдастырушылық жұмыстар үшін барлық шаралар қабылданды», - деді М.Хакдодов.
Сонымен қатар ол дауыс беру компаниясы барысында объективті мониторинг жүргізу үшін барлық қолайлы жағдайлардың жасалғандығын атап өтті. «Осыған орай миссияның бағамы бойынша ҚР Парламенті Сенатына депутаттарды сайлау Қазақстан заңнамасына және халықаралық міндеттемелерге сәйкес өткізілді. Бұл өз кезегінде бұл сайлау науқаны ашық әрі демократиялық жолмен өткізілгенін мойындауға мүмкіндік береді», - деп түйді ол. Айта кетейік, миссия құрамына Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан елдерінен байқаушылар енді. Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР ОСК сайлау қорытындыларын жариялап, Сенатқа 16 депутат сайланғанын мәлім етті.