ШЫҰ терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығулар өткізу тәртібі туралы келісімі қабылданды - Парламент
АСТАНА. Наурыздың 18-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары «Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығуларын ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» заңын қабылдады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталған келісім ШЫҰ мүше мемлекеттердің аумақтарында терроризмге қарсы бірлескен оқу-жаттығулар өткізу үшін құқықтық негіз жасауға бағытталған. Сондай-ақ, құжат өңірде халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекетаралық қатынастарға негіз қалауға қосылатын үлес болып табылады.
Парламент қабылдаған заңда қамтылған оқу-жаттығулар өткізудің мақсаты олардың аумақтарында террористік акт жасалған немесе жасалу қатері туындаған кезде Тараптардың бірлескен іс-қимылдары үшін терроризмге қарсы арнаулы құрылымдар даярлау болып табылады. Сондай-ақ, бұндай оқу-жаттығулардың негізгі міндеттері басқару органдарының жинақылығы деңгейін арттыру, оған қатысушылардың практикалық машықтарын жетілдіру, терроризмге қарсы іс-шаралар жүргізудің жаңа амалдары мен тәсілдерін пайдалану, сондай-ақ тәжірибе алмасу болып табылады.
Оқу-жаттығу өткізу туралы шешімді ШЫҰ Терроризмге қарсы өңірлік құрылымының Кеңесі қабылдайтын болады.