Си Цзиньпин: Қытай қоғамдық дәретханаларды жаңғыртуды жалғастыруы тиіс
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қытай ішкі туризмді дамыту мақсатында «дәретхана төңкерісі» аясындағы қоғамдық орындардағы дәретханаларды жаңғыртуды жалғастыруы тиіс, деп мәлімдеді ҚХР төрағасы Си Цзиньпин. Бұл жайлы Синьхуа агенттігі хабарлайды.
«Қала және ауылдарды дамытуда таза дәретханалардың алатын орны ерекше, сондықтан қала және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту үшін қоғамдық дәретханаларды жаңғырту қажет», - дейді Си Цзиньпин елдің туризм секторында жүргізілген «дәретхана төңкерісінің» жетістіктері туралы директивада.
«Қытай «дәретхана төңкерісімен» қатар қоғамдық нысандар мен туризмді дамытуға қарқын беретін қызметтерді де жақсартуы тиіс», деді Си Цзиньпин.
2015 жылы ҚХР Туризм жөніндегі мемлекеттік басқармасы бүкіл елде үш жылдық ұлттық «дәретхана төңкерісін» жариялаған болатын. Қазан айының соңына қарай Қытайда 68 мың қоғамдық дәретхана салынды және жөнделді. Қытай билігінің мәлімдеуінше, бұл жоспар 19,3 процентке артығымен орындалды деген сөз.