Си Цзиньпин Қытайдың ашықтығын одан ары дамыту туралы айтты
БОАО. ҚазАқпарат - Қытай еркін нарықтық экономика қағидаттарын сақтай отырып, бейбіт даму жолын жалғастыра бермек. Бұл туралы бүгін ҚХР төрағасы Си Цзиньпин айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның Қытайдағы меншікті тілшісі.
«Тек ашықтық пен бейбіт даму ғана жалпыға ортақ жеңіске жетелейді. Адамзаттың ортақ тағдыры қоғамдастығын құру жайындағы ұсыныстарымды көптеген елдер қолдап, БҰҰ-ның маңызды құжаттарына енгізілгеніне қуаныштымын. Біз бір-бірімізге құрметпен қарап, бейбітшілік принциптерін ұстануға, басқа елдер таңдаған әлеуметтік жүйелер мен даму жолдарын құрметтеуге тиіспіз», - деді Си Цзиньпин Боао Азия форумында.
Қытай басшысының сөзіне қарағанда, әлем елдері альянстар құруға емес, серіктестік қарым-қатынастарын орнатуға күш салуы, оқшаулану және «қырғи қабақ соғыс» менталитетінен бас тартуы, сондай-ақ БҰҰ Жарғысына сәйкес халықаралық тәртіпті нығайтуы қажет.
Ол әлем елдерін көпжақты саудаға, инновацияларға, бизнестің жаңа формалары мен модельдеріне баса назар аударуға, мәдениет, ғылым-білім, туризм, денсаулық сақтау, кедейлікті жою, т.б. салаларда екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты дамытуға шақырды.
Оның айтуынша, 2017 жылғы қазан айында өткен ҚКП 19-съезінде қытай социализмінің жаңа дәуірге қадам басуы елдің алдына реформаларды тереңдету, экономиканы жаңғырту, инновацияларды дамыту бойынша жаңа міндеттер қойды.
ҚХР Төрағасы Қытай әлемге ашықтығын кеңейту үшін сауда, инвестициялық және басқа да салаларды либералдандыру шараларын іске асыратынын айтты.
«Қытай ашық болу стратегиясын таңдады. Алдымен, ҚХР нарығына кіру мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеміз. Қызмет көрсету саласында, атап айтқанда, қаржы секторында жыл соңына дейін банк, сақтандыру және қор нарықтарына шетелдіктердің қатысуын жеңілдету бойынша маңызды шараларды қабылдаймыз. Қытай аумағында халықаралық қаржы институттарын құруға қойылатын талаптар жеңілдетіледі», - деді Си Цзиньпин.
Қытай басшысы бүкіл әлем өкілдерін ағымдағы жылы қазан айында Шанхайда өтетін 1-ші Қытай халықаралық импорт көрмесіне шақырды.
Еске сала кетейік, Боао Азия форумы (БАФ) 8-11 сәуір аралығында ҚХР-дың Хайнань аралында өтіп жатыр. Оған әлемнің барлық елдерінен келген саяси, іскер және ғылыми саланың 2 мыңнан астам өкілдері қатысуда.
Форум аясында ашылған Азия елдерінің бұқаралық ақпарат құралдары лидерлерінің саммитінде «ҚазАқпарат» ХАА-ның бас директоры Асқар Умаров сөз сөйледі.
Фото: russian.news.cn