Си Цзиньпин «БРИКС» аясында ынтымақтастықтың бес бастамасын ұсынды

НЬЮ-ДЕЛИ. KAZINFORM — Ол бұл ұсыныстарын Нью-Делиде өтіп жатқан БРИКС елдері басшылары кездесуінің екінші күніндегі іс-шаралар барысында айтты, деп хабарлайды Синьхуа.

Үндістандағы БРИКС саммиті
Фото: Ақорда

ҚХР төрағасы Си Цзиньпин жексенбі күні «үлкейтілген БРИКС» аясында жасанды интеллект, сауда және инвестиция рәсімдерін жеңілдету, цифрлық индустрия, ақылды өндіріс және озық ғылыми-инновациялық технологиялар саласында мамандар даярлау бағыттары бойынша ынтымақтастықтың бес бастамасын ұсынды.

Си Цзиньпиннің пікірінше, «үлкейтілген БРИКС» әлемдік деңгейдегі ықпалын арттырып, дамуға серпін беріп, практикалық ынтымақтастық үшін берік негіз қалыптастыруы керек.

Қытай көшбасшысы «үлкейтілген БРИКС» дамушы нарықтарға сүйену және Жаһандық Оңтүстік елдерімен тығыз байланыс орнату арқылы қалыптасқан артықшылықтарын тиімді пайдалануы қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, ұйым өзара тиімділік пен ортақ табысқа бағытталған ашықтық пен ынтымақтастықты ілгерілетіп, өндірістік және жеткізу тізбектерінің тұрақтылығы мен үздіксіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ интеграцияланған нарықтардың қалыптасуына ықпал етуі тиіс.

Сонымен қатар Си Цзиньпин «үлкейтілген БРИКС» инновациялық инкубаторлар құрып, дәстүрлі салаларды жаңғыртып, жаңа индустрияларды дамытып, болашақ салалар үшін ұзақ мерзімді жоспарлар әзірлеуі керек екенін айтты. Бұл жаңа технологиялардың баршаға ортақ өркендеуге жол ашуына мүмкіндік береді.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Делиде «аутрич»/«БРИКС плюс» форматындағы пленарлық отырыста сөз сөйлегенін жазғанбыз.

Мемлекет басшысы трансшекаралық инфрақұрылымға төнген қауіп-қатердің ұлғая түсуін тағы бір күрделі проблема ретінде атады.

Сондай-ақ, Тоқаев БРИКС аясында жасанды интеллект бойынша серіктестік құруды ұсынды.