Си Цзиньпин мен Дональд Трамп Қытайда кездесті

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен АҚШ президенті Дональд Трамп Шэньчжэнь қаласында келіссөз өткізіп, екі ел арасындағы қарым-қатынасты тұрақтандыру мәселесін талқылады. Кездесу екі ел арасындағы сауда және технология салаларындағы қайшылықтар сақталып отырған кезеңде өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Вашингтондағы меншікті тілшісі Channel NewsAsia басылымына сілтеме жасап. 

Си Цзиньпин мен Дональд Трамп Қытайда кездесті
Фото: Channel News Asia

Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) саммиті аясындағы жиын Шэньчжэнь қаласының солтүстік-батысындағы, көл жағасында орналасқан «Цилинь» (QilinShanzhuang) сәнді мемлекеттік демалыс кешенінде өтті.

Кездесу алдында Дональд Трамп келіссөздердің нәтижелі өтетініне сенім білдіріп, Си Цзиньпинді досы санайтынын және олардың арасында ерекше қарым-қатынас бар екенін айтты.

Трамптың сөзінше, мамыр айында Бейжіңде Си Цзиньпинмен құруға келіскен Сауда кеңесі екі ел арасындағы сауда қатынастарындағы теңсіздікті азайтуға ықпал еткен. Сондай-ақ ол тарифтерді бөлу мәселесі әділ шешілгенін мәлімдеді.

Ал Си Цзиньпин өз сөзінде Қытай мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас жалпы алғанда тұрақты әрі жақсарып келе жатқанын айтты. Бұған қоса ол Трамппен бірлесіп, екі ел байланысын одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.

– Біз стратегиялық тұрақтылыққа негізделген Қытай-АҚШ қатынасының жаңа үлгісін қалыптастырып, оны өзара құрмет, әділдік пен теңдік қағидаттарына негізделген жаңа мазмұнмен толықтырдық, – деді Си Цзиньпин.

Кездесу бір сағаттан астам уақытқа созылды.

Бұл – Си Цзиньпин мен Дональд Трамптың биылғы үшінші кездесуі. Бұған дейін олар мамырда Бейжіңде, қыркүйекте Вашингтонда жүздескен.

Сонымен қатар келіссөздерде АҚШ-тың Қытайға жасанды интеллектіге арналған озық чиптерді жеткізуге қойған шектеулері мен Бейжіңнің стратегиялық маңызы бар пайдалы қазбалар экспортына бақылауы талқыланды.

Бірнеше рет ұзартылған сауда бітімінің мерзімі келесі жылдың 10 қаңтарында аяқталады. Сондықтан оның одан әрі жалғасуы да келіссөздердегі маңызды мәселелердің бірі болды.

Айта кетейік, бейсенбі күнгі келіссөздер қарсаңында, сәрсенбіде Си Цзиньпин Дональд Трампты әуежайдан жеке өзі қарсы алған. Бұл – Қытай төрағасының 2013 жылы қызметіне кіріскелі бері шетелдік көшбасшыны әуежайдан алғаш рет қарсы алуы.

Салтанатты қарсы алу рәсімінде құрмет қарауылы сап түзеп, әскери ұшақтар әуеде қалықтады. Бұл қыркүйекте Қытай төрағасы АҚШ-қа мемлекеттік сапармен барғанда, Трамптың оны Эндрюс әскери базасында қарсы алуына жасалған жауап болды.

Екіжақты келіссөздерден кейін Си Цзиньпин, Дональд Трамп және Ресей президенті Владимир Путиннің қатысуымен үшжақты кездесу өтті. Мұндай форматтағы кездесу бұрын-соңды болмаған еді.

Бұған дейін Трамп пен Путин Шэньчжэньде келіссөз жүргізгенін жазған болатынбыз.