Си Цзиньпин мен Владимир Путин Шэньчжэньде келіссөз өткізді
АСТАНА. KAZINFORM — Сәрсенбі күні Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин Қытайдың оңтүстігіндегі Шэньчжэнь қаласында екіжақты келіссөз өткізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі.
– Бүгін түске дейін ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Ресей президенті Владимир Путинді қабылдады. Кездесудің егжей-тегжейін кейінірек жариялаймыз, – деді Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Го Цзякунь журналистерге арналған брифингте.
Ресей президенті 18-19 қарашада Шэньчжэнь қаласында өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы (АТЭС) форумына қатысушы елдер басшыларының 33-ші бейресми кездесуіне қатысу үшін келді.
Кремльдің хабарлауынша, келіссөз барысында тараптар жан-жақты әріптестік пен стратегиялық ынтымақтастықты дамыту жолдарын, сондай-ақ халықаралық және өңірлік мәселелерді талқылады. http://kremlin.ru/events/president/news/81287
Келіссөзде ҚХР төрағасы мемлекет басшылары арасындағы дипломатиялық байланыстың маңыздылығына тоқталды.
– Сіздің және менің басшылығымызбен Қытай мен Ресей арасындағы қарым-қатынас әлемдегі түрлі сын-қатерге қарамастан, тұрақтылығын жоғалтқан жоқ. Екі елдің ынтымақтастығы уақытша саяси ахуалға тәуелді емес, даму мүмкіндігі де зор. Ол алмағайып кезеңді бастан өткеріп жатқан әлемде тұрақтылық пен сенімді нығайтып, теңдікке, өзара құрмет пен тиімді әріптестікке негізделген ірі державалар арасындағы жаңа қарым-қатынастың үлгісіне айналды, – деді Си Цзиньпин.
Ал Ресей президенті екі ел арасындағы ынтымақтастықтың нәтижелеріне тоқталып, халықаралық аренадағы өзара іс-қимылға оң бағасын берді.
– Ресей мен Қытайдың сыртқы саяси байланысы тұрақты әрі оң бағытта дамып келеді. Күрделі геосаяси жағдайда әділетті әрі көпполярлы әлемдік тәртіп қалыптастыру мәселесінде сындарлы ұстанымды басшылыққа аламыз, – деді Владимир Путин.
Бұған дейін Қытай СІМ Си Цзиньпин, Путин және Трамптың 19 қарашада кездесетінін растағанын хабарлаған едік.