Си Цзиньпин: Жеке сектордың қиындыққа тап болғаны рас, бірақ бәрі уақытша
АСТАНА. KAZINFORM – Қытай Коммунистік партиясының Бас хатшысы, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин 17 ақпан күні Бейжіңде жеке кәсіпкерлермен кездесу өткізді, деп хабарлайды Синьхуа агенттігі.

Алдымен жеке кәсіпкерлердің пікірін тыңдаған Си Цзиньпин Қытайда жеке кәсіпкерліктің реформа мен ашықтық саясаты аясында қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Бүгінде елдегі жеке сектордың көлемі ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды деңгейге жетіп, экономиканың маңызды құрамдас бөлігіне айналып үлгерген. Жеке кәсіпкерлікті сапалы дамытуға елде берік негіз қаланған.
Оның пікірінше, жаңа дәуірде Қытайда реформа мен ашықтық саясаты одан әрі алға жылжып, тереңдей түспек, ал 1,4 млрд-тан астам тұтынушысы бар ірі нарық жеке сектордың дамуына жаңа мүмкіндік пен кең өріс ұсынады.
Ол қазіргі уақытта жеке кәсіпкерліктің дамуы бірқатар қиындық пен сынаққа тап болып отырғанын мойындады. Оның айтуынша, бұлар негізінен реформаны тереңдету және саланы трансформациялау мен жаңғырту үдерісінде туындаған шектеулі, уақытша және шешуге болатын мәселелер.
Си Цзиньпин жеке кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған саясат пен шараларды нақты әрі тиянақты іске асырудың маңыздылығын атап өтті. Ол жеке кәсіпкерлікті қаржыландырудың “қиынға тоқтауы мен қымбатқа түсуін” шешу, жеке кәсіпорындардың алашағын уақтылы төлеу, заңның атқарылуына бақылауды күшейту және жеке бизнеске қатысты басы артық алымдар мен айыппұлдарды, тексеру мен тәркілеуді бар күшпен ретке келтіру, сөйтіп, жеке кәсіпкерлердің мүддесін заңға сәйкес қорғау керек деп атап өтті.
Сонымен қатар, кез келген меншік нысанындағы кәсіпорынның заңсыз әрекеті жауапкершіліктен тыс қалмауы тиіс екенін ескертті. Оның айтуынша, Мемлекет пен бизнес арасындағы ашық әрі таза қарым-қатынасты нығайта түсу үшін барлық кәсіпорынға бірдей көзқарас ұстану қажет.
DW агенттігінің жазуынша, соңғы жылдары Си Цзиньпин «ортақ әл-ауқатқа» қол жеткізуді басты мақсат ретінде атап, жеке кәсіпкерлерді Қытай Коммунистік партиясымен және қытайлық социализммен саяси, идеологиялық және эмоционалдық бірегейлікті сақтауға тартудың қажеттілігін бірнеше рет мәлімдеген болатын. Қазіргі күнде Қытайда жеке кәсіпкерліктің дамуы ауыр қысымға ұшырап отыр деген пікір жиі айтылып келеді.
Соңғы жылдары Қытай экономикасының өсімі баяулап, жылжымайтын мүлік нарығында дағдарыс етек алып келеді. Оның үстіне тұтынушылық сұраныс төмендеп, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі жоғары көрсеткішті көрсетіп отыр.
Сарапшылардың пікірінше, билік осы кездесу арқылы жеке кәсіпкерлікке қайтадан сенім артып, қолдау көрсетуге дайын екенін білдіргісі келеді.
Айта кетейік, Алматы мен Қытайдың ірі қалалары арасындағы әуе бағыттары кеңейтілмек.