Сиань қаласында қазақ тілін үйренуші қытайлық студенттер арасында білім сайысы өтті
СИАНЬ. KAZINFORM - Қазақстанның Сиань қаласындағы Бас консулдығы, Шэньси өңірінің білім депаратменті және Сиань шет тілдер университетімен бірлесіп, Бейжің, Шанхай, Далянь және Сиань шет тілдері, Орталық Ұлттар және Шихэцзы университеттерінің студенттері арасында «Қазақ тілі мен мәдениетін үйрену біліктілігі» бойынша кезекті ІІ Бүкілқытайлық байқауын өткізді.
Ашылу салтанатында Қазақстанның Сиань қаласындғы Бас консулы Жошыхан Қыраубаев байқауға қатысушыларды құттықтап, іс-шараны ұйымдастыруға көмек көрсетуші тараптарға алғысын білдірді. Ол өз сөзінде Қазақстан сан ғасырлар бойы өзінің көршілерімен бейбіт өмірге ұмтылып, ортақ дамуға ынталы екенін жеткізді. Қытай жастарының қазақ тілін үйренуі келешек екі мемлекеттің өзара жан-жақты дамуына серпін беретінін атап өтті.

Бас консул Қытай тарапын ҚР Үкіметі білім беру саласында жүргізіп жатқан ағымдағы реформалар, сондай-ақ ұлттық білім беру жүйесін дамытудың басымдықтарымен таныстырды.
Байқау аясында қазақстандық дипломат Шэньси өңірінің білім депаратментінің басшысы мен Сиань шет тілдер университет ректорымен, мұғалімдер тобымен кездесулер өткізіп, білім беру саласындағы ынтымақтастық перспективалары, қазақстандық жоғары оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынастар орнату мәселелерін, сондай-ақ қазақстандық студенттер мен оқытушыларды оқыту талаптары және тағылымдамадан өткізу мүмкіндігі талқыланды. Сонымен қатар Шэньси аймағының алдыңғы қатарлы университеттерінің Қазақстан аумағында біріккен филиалдарын ашу мүмкіндігін талқылады.

Іс-шара қорытындысы бойынша Қытайдың бірқатар университеттерінде қазақ тілін оқыту бөлімшелерін ашуға қызығушылық танытты. Жүлделі орындардың иегерлеріне Бас консулдық атынан грамоталар, кубок, сондай-ақ естелік сыйлықтар мен кәдесыйлар табыс етілді.
Іс-шараның соңында Бас консулдық Сиань шет тілдер университетінің жанынан ашылған Қазақ мәдени орталығына домбыра, ұлттық киімдер мен кітаптарды табыс етті.
Айта кетейік, 2015 жылдан бастап Қытайдың бірқатар жоғары оқу орындарында (Бейжің, Далянь, Шанхай және Сиань қалалары) ҚР-дың ҚХР-дағы Елшілігі мен Бас консулдықтың қолдауымен ашылған «Қазақстан орталықтары» жұмыс істейді.
2016 жылдан бастап Бейжің, Шанхай және Сиань шет тілдері университеттерінде жыл сайын «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша қытайлық студенттерді қабылдау жүзеге асырылып жатыр.