Сыбайлас жемқорлықпен күрес: Алматы облысында аудан әкімі жауапқа тартылды

  Алматы облысы Қарасай ауданының әкімі сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы бұзғаны үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды Kazinform.

тағайындау
Фото: Kazinform

Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің мәліметінше, мониторинг барысында аудан әкімі активтер мен міндеттемелер туралы декларацияларды ұсынбаған үміткерді кәсіпкерлік бөлімі басшысының міндетін уақытша атқару лауазымына тағайындағаны анықталды.

«Бөлім басшысы мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлға. Сондықтан бұл ҚР ӘҚБтК-нің 680-бабында көзделген талаптарды бұзу болып табылады (мемлекеттік органдар басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдамауы). Аталған тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Істі қарау барысында әкім кінәсін толық мойындады»,- деп хабарлады ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі.

Аудан әкіміне 50 АЕК, яғни 172 500 теңге айыппұл салынды.