Сыбайлас жемқорлықпен күрес: СҚО-да бюджеттің 1,826 млрд теңгесі үнемделді
Солтүстік Қазақстан облысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мемлекеттік сатып алуға мониторингінен кейін бюджеттің 1,826 млрд теңгесі үнемделді, деп хабарлайды Kazinform.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша Департаменті өткен тоғыз айдағы жұмысын қорытындылады.
Ведомство басшысы Асхат Жақыпбековтың айтуынша, Экономикалық зерттеулер институты жүргізген жалпыұлттық зерттеудің нәтижесі бойынша облыс сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен өңірлердің қатарында. Десек те әлі де шешімін күткен мәселе баршылық.
СҚО-ның ерекшеліктері ескеріліп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері картасы жасалды. Департамент осы картаны негізге ала отыра жұмыс істейді.
Картаға енген әлеуметтік мәселелер мониторинг және сыртқы талдаулар бойынша қарастырылады. Өткен 9 айдың ішінде өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы 8 мониторинг жүргізілді. 5 мемлекеттік органға және бір квазимемлекеттік сектор мекемесіне сыртқы талдау жүргізілді. Мемлекеттік органдарға 200-ден астам ұсыным берілді, - дейді Асхат Жақыпбеков.
Департамент басшысының айтуынша, талдаушылар күнделікті мемлекеттік сатып алу жүйесіне мониторинг жүргізеді. Негізгі міндет - жоспарлау кезеңінде тауарлардың құнын жасанды түрде көтерудің алдын алу.
Нәтижесінде биылғы 9 айда жоспарланған сатып алу бағасын көтерудің 79 фактісі анықталды, олар бойынша мемлекеттік 45 орган бағаны төмендету бойынша шаралар қабылдады. Бюджеттің 1,826 млрд теңгесі үнемделді.
Мысалы, Петропавл қаласы әкімінің аппараты кілемдердің шаршы метріне 35 мың теңге төлеуді жоспарлаған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет арласқаннан кейін сатып алу бағасын қайта қарады. 7,8 млн теңге бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануға жол берілмеді, - дейді Асхат Джакипбеков.