Сібір жарасы бойынша 700-ден астам қауіпті пункт қоршалмаған, арнайы белгілері де жоқ - АШМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда сібір жарасы бойынша 700-ден астам қауіпті пукт қоршалмаған, арнайы ескерту белгілері де жоқ. Бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында еліміздің Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева осылай деп мәлімдеді.
None
None

«Республикада сібір жарасы бойынша стационарлық қолайсыз пункттер  кадастрына сәйкес 2604 пункт бар. Оның 1890-ының нақты орны белгіленген. Орны белгіленбеген 714 пункт бар. Негізінен олар сібір жарасы бойынша 50-70 жыл бұрынғы пункттер. Біз олардың қандай ауылды округте орналасқанын білеміз. Оларда жыл сайын топырақтан сібір жарасына зерттеу жүргізіледі. Бұл елді мекендерде сібір жарасына шалдығудың жаңа деректері анықталған емес», - деді ол.

Сонымен қатар вице-министр өткен жылы Қазақ ветеринария ғылыми-зерттеу институты 601 рет зерттеуге шығып, соның нәтижесінде 32 пункттің нақты орнын анықтағанын еске салды.

«Егер нақты орны анықталған 1890 пункттің жай-күйіне тоқталар болсақ, оның 702-сінің қоршауы немесе айырым белгісі жоқ. Мәселен, мұндай пункттер Павлодар облысында - 86, Батыс Қазақстан облысында - 84», - деді Г.Исаева.

Осы ретте ол жергілікті әкімдіктер мұндай қорымдардың жай-күйін тиісті деңгейде ұстап тұру бағытындағы жұмыстарды жүргізуге міндетті екендігін еске салды. Бұл мақсаттарға 1,6 млрд. теңге қажет.

Соңғы жаңалықтар