Сібір жарасынан көмілген малдың 700-ден астам орны белгісіз күйде қалып отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда сібір жарасынан шығын болған малдың көмілген 3 298 орын бар. Бұл туралы бүгін «ҚазАқпарат» тілшісіне берген ресми жауабында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлім етті.

Сібір жарасынан көмілген малдың 700-ден астам орны белгісіз күйде қалып отыр

 «ҚР аумағында сібір жарасы бар 2604 санитарлық аумақ бар. Олардың ішінде 2016 жылдың 15 шілдесіндегі жағдай бойынша, 1890 қорымның нақты орындары анықталды. Сәйкесінше, 714 қорым әлі табылған жоқ. Бұл шамамен 27,4%», - делінген «ҚазАқпарат» тілшісіне берілген жауапта.

Мал көмілген жерлердің 702-сі (37,1%) қоршалмаған немесе онда арнайы ескерту белгілері орнатылмаған.

1232 жер туралы ақпарат автоматтандырылған ақпараттық жер кадастры мемлекеттік жүйесіне енгізілген.

Жалпы ел аумағында, мал көмілген 3 298 биотермикалық қорым бар.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2016 жылдың 8 маусымы мен 8 шілдесі аралығында Қазақстан бойынша 16 адам түйнеме жұқтырған. Алматы облысында - үш адам, Шығыс Қазақстан облысында - екі адам, Қарағанды облысында сегіз адам, Павлодар облысында үш адам осы аурумен ауырған. Өкінішке қарай, Қарағанды облысында екі, Павлодар облысында бір адам қайтыс болды. Аман қалған он төрт адамның сегізі қазір ауруханадан шыққан, тағы алты адам стационарда ем қабылдауда.

Министрліктің мәлім еткеніндей, 2016 жылы көктем басында барлық өңірлерде сібір жарасына қарсы вакцина егу 100 пайыз атқарылған көрінеді.

«Вакциналар елге жеткізілген кезде, оны екпес бұрын Ұлттық референттік орталығы оның сапасын жіті тексеруден өткізеді. Вакцина жеткізушелері оның паспорты мен сапа сертификатын ұсынады», - делінген хабарламада.

Зерттеу нәтижесі көрсеткеніндей, аталмыш вакцина барлық талаптарға сай болып шықты. Сонымен қатар вакциналардың сапасын анықтау мақсатында оның үлгілері РФ және Еуропаға жолданды.