Сібірден тотықұстардың белгісіз түрін анықтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейлік палеонтологтар тобы Байкал көлінің аралында көне тотықұстардың сүйектерін тапты. Баяндама Biology Letters жорналында жарияланды, деп хабарлады Лента.ру.

Сібірден тотықұстардың белгісіз түрін анықтады

Зерттеушілер Ольхон байкалдық аралында Тагай кен орнындағы қазба жұмыстары кезінде сүйектерді тапты. Олардың жасы шамамен 16-дан 18 миллион жылға бағаланды. Ғалымдар саусақ пен жіліншікті қосатын сүйектердің сынығын ғана тапты.

«Өкінішке қарай, сүйектер дұрыс сақталмаған. Сондықтан қазір ол тотықұстың сүйегі деп қана айта аламын. Ол кішкентай болған. Бұдан артық ақпаратты әзірге білмейміз», - деді РҒА Палеонтологиялық институт қызметкері Никита Зеленов International Business Times басылымына.

Осыған дейін ғалымдар тотықұстардың сүйектерін таппаған. Сондықтан олар Солтүстік Еуразияда мекендемеген деп ойлаған. Тотықұстар Австралиядан Африкаға және Солтүстік Америкаға ұшқанда Сібірге түсуі мүмкін. Осылайша Ольхон аралы құстарға арналған тоқтайтын орын болуы мүмкін.