Сицилиядағы бас әуежай өртке байланысты жабылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Дүйсенбі күні кешке Катания әуежайынан өрт шықты. Барлық рейстер тоқтатылды, ғимарат қатты түтінге байланысты жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Еuronews ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Өрт әуежайдың төменгі қабатында жергілікті уақыт бойынша сағат 23:30 шамасында басталды. Жалын А терминалына тез тарады.
Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.Ғимараттағы барлық жолаушылар мен қызметкерлер эвакуацияланды.
Төтенше жағдайдың себебі әлі анықталған жоқ. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Әуежай директоры Нико Торриси кейбір итальяндық БАҚ-тың «бүкіл ғимарат өртеніп кетті» деген хабарламаларын жоққа шығарды.
Жоспарланған рейстердің ұшуы көрші әуежайлардан жүзеге асырылады, жолаушылар автобустармен жеткізілуде. Әуе қатынасы сәрсенбі күні түстен кейін қайта басталады.
Катания әуежайы - Сицилиядағы басты әуежай. Ол күніне ондаған рейстерді қабылдайды.